Елде шетелдік ықпал туралы заңның қабылдануына қарсы шерулер өтіп жатыр
Грузияда жаппай наразылықтарға қарамастан ел парламенті 1 мамырда «шетел агенттері» туралы заң жобасын екінші оқылымда қабылдады. «Шетелдік ықпалдың ашықтығы туралы» заң жобасын қабылдауды 83 депутат қолдаса, 23 депутат «қарсы» болды. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Euronews агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Премьер-министр Ираклий Кобахидзе үшінші және соңғы оқылым «екі аптадан кейін» өтуі керек деді.
Еуропалық Одақтың сыртқы істер жөніндегі жоғары өкілі Жозеп Боррель наразылыққа қатысушыларға жасалған зорлық-зомбылықты айыптады.
«Грузия ЕО-ға кіруге үміткер ел. Мен ел билігін бейбіт жиналыстар құқығын қамтамасыз етуге шақырамын, оны басып-жаншу үшін күш қолдануға болмайды», - деді Боррель.
Елде шетелдік ықпал туралы заңның қабылдануына қарсы шерулер өтіп жатыр. Тбилисидегі наразылық шеруінің күшпен тоқтатылуын Грузия президенті Саломе Зурабишвили айыптады. Полиция резеңке оқтар, көзден жас ағызатын газ, бұрыш баллондарын және су атқыштар қолданғаны хабарланды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, соңғы наразылық акциясы кезінде 63 адам ұсталып, алты полиция қызметкері жараланған.
Дәл осы күні «Шетелдік ықпалдың ашықтығы туралы» заң мен биліктегі «Грузия арманы» партиясын қолдайтын шеру өтті. Жергілікті БАҚ өкілдері бұл шеруге адамдар ерікті түрде автобустармен әкелінді деп хабарлайды.
Оппозициялық күштер «Шетелдік агенттер туралы» заң жобасын тоқтатуды талап етіп отыр.
«Біз ата-анамыз қиын жолды бастан өткерген кеңестік режимді қаламаймыз. Бәріміз көшеге шығып, Ресей заңына «жоқ», ал Еуропаға «иә» деп айтуымыз керекпіз», – дейді митингке шыққан Като Салуквадзе.
Наразылық білдірушілер «ресейлік» деген атауға ие болған заң билікке БАҚ кеңістігіне бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді және Грузияға 2023 жылы желтоқсанда кандидат мәртебесі берілгеннен кейін ЕО-мен интеграцияны бұзады деп үрейленеді. Заң БАҚ-ты және коммерциялық емес ұйымдарды қаржыландырудың 20%-дан астамын шетелден алатын болса, оларды шетелдік әсер етуші ретінде тіркеуді талап етеді деп күтілуде. Митингке шыққандар мұны «ресейлік» деп атайды, өйткені Мәскеу Кремльді сынайтын БАҚ-тарға осындай әдістерді қолданады.