Ертегідегі киген адам көрінбей қалатын бас киімді білесіз бе? Бұл сиқырлы бас киім жақын арада шындыққа айналуы мүмкін
Әскери технологиялар күн сайын емес сағат сайын дамып келеді. Қазірдің өзінде біз он жыл бұрын фантастика деп санаған техникалардың дамуын көріп отырмыз. Иә болашақтағы әскери технологиялар әрқашан қызықты. Sarbaz.kz тілшісі hi-news жазған болашақ технологияларға шолу жасап шықты.
Квантты камуфляж
Ертегідегі киген адам көрінбей қалатын бас киімді білесіз бе? Бұл сиқырлы бас киім жақын арада шындыққа айналуы мүмкін. Әрине адамды көрінбейтін ететін құрал ертегідегі бас киім емес, сиқыр да емес, физиканың нақты заңдары арқылы жасалады. Өздеріңіз білетіндей, біз затқа қараған кезде одан шағылған жарықты көреміз. Осы жарық сәулелерін басқара отырып, шынымен керемет дүниелер тудыруға болады екен. Квантты камуфляж адамды көрінбейтін етіп жасай алады.
Quantum Stealth принципі, яғни «көрінбейтін киім» бетінде жарық сәулелерін сындыратын арнайы линзалар бар. Бұл линза жарықты түзу өткізбей әртүрлі бұрышқа шашыратады, осылайша жарық өтпейтін өлі нүкте пайда болады. Егер адам осындай өлі орталықта болса, айналаға көрінбей қалады. Квантты құралды камуфляж киімін шығаратын канадалық компания әзірлеп жатыр.
Синтетикалық организм
АҚШ Қорғаныс министрлігінің жетілдірілген ғылыми зерттеу жобалар басқармасы (DARPA) қызықты және нағыз фантастикалық biodesign жобасымен айналысады. Ғалымдар бұл жобда өлмес гені бар синтетикалық организмдерді жасағысы келеді. Оларды басқаратын адам мұндай организмдерді өз қалауымен ғана өлтіре алады.
Бұл тіршілік иелері тыныс ала алады және кейбір биологиялық қасиеттерге ие болады деп болжанып отыр. Олар қандай функцияларды орындай алатыны әлі белгісіз. Болжам бойынша, өлмейтін организм жауынгерлердің орнын басуы мүмкін. Бір қарағанда, бұл мүлдем фантастикалық болып көрінеді, бірақ АҚШ үкіметі biodesign жобасына миллиондаған доллар жұмсап жатыр.
Плазма күшінің өрісі
Boeing компаниясы «Электромагниттік доға арқылы соққы толқынының әлсіреуіне арналған әдіс және жүйе» деп аталатын технологияны патенттеді. Датчиктің көмегімен арнайы жүйе жарылыс фактісін тіркейді, содан кейін ол микротолқынды пештерді, электр қуатын және лазерді пайдаланып қауіп жағынан плазмалық қалқанды қамтамасыз етеді. Плазмалық күш өрісі снарядтардың күшін азайтады.
Тыңшы жәндіктер
Жәндіктердің көлеміндей түрлі дрондар мен әскери технологиялар бұрыннан бар. Бірақ DARPA жәндіктерді басқару туралы жобаға жұмыс жүргізу үстінде. Бұл технология MEMS деп аталады. Жоба авторлары өз технологиясын жәндіктер дамымай жатып тіпті құрт кезінде олардың ағзасына орнатады. Имплантацияланған жәндіктер өсіп, жетілгеннен кейін оларды барлау немесе жауынгерлік тапсырмаларды орындау үшін қолданады. Сондықтан жақын арада жауынгер қоңыз, шыбын және құрт-құмырсқамен күресу шындыққа айналуы мүмкін.