Құны – 1 млрд 888 млн доллар: Астанадағы LRT жобасы қашан аяқталатыны белгілі болды

Оның іске қосу кешені 2 кезеңнен тұрады

Sarbaz.kz редакторы
14/08/2023 - 20:57

Фото ашық дереккөзден

Фото ашық дереккөзден

Астанадағы LRT жобасының жалпы құны 1 млрд 888 миллион долларды құрайды. Құрылысқа қытайлық China Railway Asia-Europe Construction Investment компаниясы тартылды. Бұл туралы «City Transportation Systems» (CTS) ЖШС баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.

«City Transportation Systems» мәліметінше, жеңіл рельсті көлік жобасын іске қосуды жеделдету мақсатында жоба 2 іске қосу кешеніне бөлінген. 1-іске қосу кешенінің құны – 1 млрд 152,5 млн доллар, 2-іске қосу кешенінің құны – 735,5 млн доллар.

«1-іске қосу кешені бойынша 8 станция болады, яғни 101 – әуежай, 105 – Қабанбай батыр айналма жолы, 107 – Мега орталығы, 109 – Ботаникалық бақ, 111 – Сығанаққа бұрылу, 112 – Әбу-Даби плаза, 114 – музей, 118 – вокзал. Сондай-ақ 5 бірлік жылжымалы құрамды сатып алып, желіге қосу көзделген. 2024 жылдың соңына дейін эстакада бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары, соның ішінде рельсті монтаждау, электрлендіру және басқа да жұмыстар аяқталады. Сонымен қатар 8 станция құрылысы аяқталып, тестілік пайдалану жұмыстары басталады. Осылай, 1-іске қосу кешенін іске асыру аяқталады және жолаушыларды тасымалдау үшін пайдалануға беріледі», - делінген хабарламада.

CTS мәлім еткендей, 1-іске қосу кешенін пайдалану кезеңінде 2-іске қосу кешеніне қатысты жұмыстар, яғни қалған 10 станция, сондай-ақ қосымша 14 бірлік құрам және оларды жөндеуге, қызмет көрсетуге арналған жабдық бойынша жұмыстар қатар жүргізіледі. Ал 2-іске қосу кешенінің аяқталу мерзімі 2026 жылдың соңына дейін жалғаспақ.

Жобаны іске асыру халықаралық әуежайдан «Нұрлы Жол» теміржол вокзалына дейін, Қабанбай батыр даңғылы, Сығанақ даңғылы, Шәмші Қалдаяқов көшелерінің бойымен жолаушыларды жеңіл рельсті көлікпен тасымалдауға мүмкіндік бермек.

«Маршруттың жалпы ұзындығы – 22,4 км, оның бойында 18 станция салу көзделген. Олар қала маңын, жаңа орталық мешітті, Мега орталық алаптары мен аудандарын, соның ішінде Назарбаев Университетін, ботаникалық бақты, Әбу-Даби плазаны, Министрліктер үйін, Тәуелсіздік алаңы бар Орталық мұражайды және одан әрі перспективалы «Мыңжылдық аллеясы» ауданын қамтиды», - делінген ақпаратта.

Жеңіл рельсті көлік жобасы жол инфрақұрылымын едәуір жеңілдетеді деп көзделіп отыр. Желіге қызмет көрсету үшін жөндеу және күтіп ұстау депосы бар 19 бірлік жылжымалы құрам қарастырылған. 

«Жылжымалы құрам ретінде ҚХР-да 100 жылдан аса тарихы бар «CRRC Tangshan Co., Ltd» өндіруші зауыттың «TRITON» моделі қарастырылған.. Қуаты – 115 KW және максималды сыйымдылығы – 652 адам, максималды жылдамдығы – 80 км/сағ. Құрамдар толығымен автоматтандырылған және пилотсыз, яғни операторсыз қашықтан басқару арқылы жүреді. Қазіргі қолданыстағы ұқсас бағыт бойынша жолаушылар ағынын талдау нәтижесінде LRT-ның жолаушылар легі тәулігіне 25 мың адам болады деп күтіледі», - дейді мамандар. 

Станциялар барлық қауіпсіздік пен қолжетімділік талаптарына сәйкес іске асырылмақ. Билеттерді сатып алу, автоматтандырылған түрде де, сауда алаңдары мен санитарлық-гигиеналық тораптары бар күту залдары және адамдардың қауіпті жерлерге шығуына жол бермейтін жүйелер қарастырылған. Станцияға көтерілу үшін эскалаторлар, сондай-ақ мобильділігі төмен азаматтардың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін лифттер көзделген.

Сонымен қатар станцияға жан-жақты қол жеткізу үшін Қабанбай батыр даңғылы бойынша 10 жерасты жаяу жүргіншілер өткелі және Сығанақ пен Қалдаяқов көшелерінде 7 жер үсті өткелдері салынбақ.

«2023 жылы эстакада мен станцияның темірбетон конструкцияларын орнату жұмыстары жүргізіледі. Жүйенің қолданыстағы кең даңғылдарды кесіп өтуіне байланысты жоба бойынша жеке типтегі монолитті балкалардың  құрылысы қарастырылған. Осы ретте Тәуелсіздік даңғылы мен Шәмші Қалдаяқов көшесінің қиылысында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Балка құйылып, бекітілген соң уақытша конструкциялар алынып тасталады. Жол қозғалысы қалпына келтіріледі. Жұмыс биылғы 30 қарашаға дейін жүргізіледі. Осындай жұмыстар Сауран, Ақмешіт, Түркістан көшелерінің қиылысында да жүргізіледі. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстары әуежайдан жаңа теміржол вокзалына дейін, яғни Қабанбай батыр, Сығанақ, Қалдаяқов және А82 көшелеріндегі ЛРТ желісінің барлық учаскелерінде жүргізіліп жатыр. Эстакаданың темірбетон конструкцияларын салу үшін жергілікті материалдардан жасалған бетон мен Қазақстан мен Ресейде өндірілетін арматура және ҚХР-да жасалған (Есіл өзені арқылы өтетін) көпір конструкциялары қолданылады», - делінген CTS ақпаратында.

«City Transportation Systems» дерегінше, эстакаданың монолитті темірбетон конструкциялары елдің климаттық жағдайларына сәйкес, нормативтік талаптарға сай келеді. Жоба бойынша агрессивті орта мен төмен температураға төзімді бетондарды қолдану қарастырылған. Ол цемент пен агрегаттарды таңдау, бетон құрамын таңдау, бетонның өткізгіштігін төмендету, суды реттейтін, белсенді минералды, ауа өткізгіш және басқа да қоспаларды қолдану арқылы қамтамасыз етіледі.

Сондай-ақ коррозияға төтеп беретін арматураны қолдану, темірбетон конструкцияларын дайындау және монтаждау сатысында бөлшектер мен байланыстырушы арматуралық қаңқаларды коррозиядан қорғау көзделген. Монолитті темірбетон конструкцияларының қорғаныс қабаты ауа райының кері әсерінен қорғау үшін герметикалығы қамтамасыз етілген.

LRT жобасы мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлуді, сондай-ақ сыртқы қарыз және облигациялық қаражаттарды тарту арқылы қаржыландырылмақ.

«Бүгінде құрылыс қаржыландырылуы 2026 жылға дейін іске асыру мерзімімен бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. 2015-2023 жылдар аралығында құрылыс 686 млн доллар сомасына қаржыландырылды. Жобаның жалпы құны – 1 млрд 888 млн АҚШ доллары. Жобаны аяқтау үшін қалған 1 млрд 202 млн доллар, ал 1-іске қосу кешенін іске қосу – 466 млн доллар», - дейді CTS мамандары.

Естеріңізге салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 31 қаңтар күні Астана қаласын дамыту жөніндегі кеңесте LRT жобасы іске асырылуы тиіс екенін атап өтіп, жобаны жүзеге асыруды жеделдетуді тапсырған болатын.

CTS мәліметінше, талдау мен есептеулерге сәйкес, LRT жобасын іске қосу жолаушылардың жол жүру уақыты, қаланың көлік мүмкіндіктері, экологиялық жағдай, жолаушылар көлігінің қолжетімділік деңгейі, қоғамдық көліктің үлесі, автокөлік қозғалысының орташа жылдамдығы, автокөліктендіру деңгейін қысқарту бойынша көрсеткіштерді жақсартуға мүмкіндік береді

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91