Әзербайжан президенті бұл хабарды АҚШ-тың мемхатшысына айтты
Әзербайжан мен Арменияның сыртқы істер министрлері бейбіт келісім бойынша келіссөздерді жалғастыру үшін Алматыда кездесуі тиіс. Бұл туралы Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенмен телефон арқылы сөйлескенде айтты, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Ильхам Әлиев Қазақстан тарапының ұсынысы бойынша Әзербайжан мен Арменияның сыртқы істер министрлері жақын арада Алматыда бейбіт келісім бойынша келіссөздерді жалғастыру үшін кездесетінін айтты. Ол бейбітшілік шарты мен оның негізін құрайтын бес қағидаттың бастамашысы – Әзербайжан Республикасы екенін айтты.
«Әзербайжан аймақта бөлінбейтін интеграцияланған Оңтүстік Кавказ үшін аймақтық ынтымақтастық үлгісін құруды қолдайды», - деп хабарлады Әзербайжан президентінің баспасөз қызметі.
Энтони Блинкен ең алдымен Армения мен Әзербайжан арасындағы шекараны делимитациялау саласындағы келісімге қол жеткізгені үшін құттықтауын жеткізіп, мұның АҚШ тарапынан мақұлданғанын баса айтты.
«Америка Құрама Штаттары Армения мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынастарды қалыпқа келтіруге және бейбітшілік күн тәртібін ілгерілетуге қолдау көрсетуді жалғастыруға дайын», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екі апта бұрын Ереванда Армения премьер-министрі Никол Пашинянмен кездесуден кейін Қазақстан Армения мен Әзербайжан арасындағы бейбіт келіссөздер үшін алаң беруге дайын екенін мәлімдеді.