Ол жазасын ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады
Алматыда үш адамның өліміне әкеп соққан жол апатына байланысты жолаушы Дархан Ахметжановтың ісі бойынша сот отырысы өтіп, үкім шықты, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
«Дархан Ахметжанов Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 293 бабы бірінші бөлігі бойынша 1 жылға, 351 бабы 3 бөлігі бойынша 8 жылға сотталсын. Қылмыстық кодекстің 58 бабы 2 бөлігіне сәйкес, Дархан Ахметжановқа түпкілікті 8 жыл бас бостандығынан айыру туралы жаза кесілді», - деді судья.
Ол жазасын ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады.
Прокурор осыған дейін соттан Дархан Ахметжановты кінәлі деп танып, оны сегіз жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді.
Сондай-ақ сот жәбірленушілер Құсайынова мен Байдуалиевтің материалдық және моральдық өтемақы төлеу туралы талап арызын қанағаттандырды.
«Сот жәбірленушілер Құсайынова мен Байдуалиевтің сотталушы Ахметжановқа қойған талаптарын қанағаттандыру туралы шешім шығарды. Осылайша, сот Құсайыноваға 6 миллион 397 мың теңге материалдық шығынды, сондай-ақ 5 миллион теңге моральдық шығынды өтеуі керек деп шешті. Сондай-ақ, Байдуалиевке 10 миллион теңге төлеу туралы шешім қабылдады. Ахметжанов екі айдың ішінде өтемақыны төлеуі тиіс», - деді судья.
Сот жүргізуші Ермек Шокебаеваны жәбірленуші деп таныды. Сот Шөкебаева мен «Думан Транс» ЖШС-ге қатысты моральдық өтемақы төлеу туралы талапты қанағаттандырудан бас тартты.
Айта кетейік, жол апаты 2023 жылдың желтоқсан айында Алматыдағы Райымбек даңғылында болған. Тергеушілердің айтуынша, жүргізуші әйел мен жолаушы арасында жанжал шыққан. Ер адам жүргізушінің бетінен екі рет ұрып, есінен тандырған. Осыдан кейін автобус бір топ адамды қағып кетті. Апат салдарынан үш адам қаза тапты.