Қазақстан ШЫҰ елдеріне әскери бөлімдерін көрсетуге дайын

Кеңесте ШЫҰ-ның әскери-саяси блок еместігі айтылды

Sarbaz.kz редакторы
26/04/2024 - 16:28

Фото: Қорғаныс министрлігі

Фото: Қорғаныс министрлігі

Қазақстан Республикасының Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына төрағалық етуі шеңберінде қорғаныс министрлерінің кеңесі өтті. Оған ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер қорғаныс ведомстволарының басшылары, Бас хатшы, ұйымның Өңірлік терроризмге қарсы құрылымы Атқарушы комитетінің директоры, сондай-ақ Беларусь Республикасының Қорғаныс министрі қатысты. Бұл туралы Sarbaz.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ведомство мәліметінше, кеңесте ШЫҰ-ның әскери-саяси блок еместігі, ал әскери саладағы өзара іс-қимыл басқа елдерге қарсы бағытталмағаны атап өтілді.

Қазақстан қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов қатысушылардың назарын Ұйымның тарихи аспектісіне аударды.

– Егер ШЫҰ-ның бастауына қайта оралсақ, оның негізін 1996 жылғы 26 сәуірдегі Шекара ауданындағы әскери саладағы сенімді нығайту туралы келісім (Шанхай келісімі) мен 1997 жылғы 24 сәуірдегі Шекара ауданындағы қарулы күштерді өзара қысқарту туралы келісім (Мәскеу келісімі) қалағанын атап өткен жөн, – деді ол.

Сонымен бірге Қазақстан Қорғаныс министрі ұйым шеңберінде ШЫҰ-ның барлық мемлекеттері үшін әскери бөлімдерге ерікті негізде өзара сапар жасау, өткізіліп жатқан ірі әскери оқу-жаттығулар, қорғаныс ведомстволарының басшылығы мен құрылымы туралы ақпарат беруді көздей отырып, сенім шаралары туралы келісімді әзірлеуді және қабылдауды ұсынды.

Кеңес қорытындысы бойынша хаттамаға, ынтымақтастықты реттейтін бірқатар құжаттарға қол қойылып, бірлескен коммюнике қабылданды.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы – 2001 жылы 15 маусымда құрылған халықаралық ұйым.

Тегтер

×

Редакция

$ 478.58  520.84  5.44