Еуропарламент Ресейдегі президент сайлауын заңсыз деп таныды

Еуроодақ елдерін саяси қуғынға ұшыраған ресейліктерге гуманитарлық визалар беруге шақырды

Sarbaz.kz редакторы
26/04/2024 - 15:42

Фото: Bild

Фото: Bild

Еуропарламент Ресейде өткен президент сайлауын сынаған қарар қабылдады. Оны қабылдауға 522 депутаттың 493-і дауыс берді. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Bild басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Құжатта, атап айтқанда, «Ресейдегі президенттік сайлаулар» Украинаға басып кіру фонында қорқыныш пен репрессия жағдайында өткені айтылған. Еуропарламент Еуроодақ елдері мен халықаралық қауымдастыққа Ресей Федерациясындағы президент сайлауының нәтижелерін мойындамауды ұсынды.

Сонымен қатар, Еуропарламент Владимир Путиннің саясатына наразылық білдіріп жатқан ресейліктерді қолдады. Депутаттардың пікірінше, Еуроодақ ресейлік азаматтық қоғаммен ынтымақтаса отырып, саяси тұтқындарға, тәуелсіз БАҚ пен құқық қорғаушыларға қолдау көрсетуі керек. Қарарда Ресей азаматтарының дауыс беру кезінде өткен «Полдень против Путина» оппозициялық шеруіне қатысқаны атап өтіледі.

Қорытынды құжатта Еуроодақ елдерін саяси қуғынға ұшыраған ресейліктерге гуманитарлық визалар беруге және оларға басқа да қолдау көрсетуге шақыру да бар.

×

Редакция

$ 498.34  519.72  4.85