Германияда ардагерлер күні мерекесі пайда болады

Бундесвер ардагері – әскерде қызмет ететін немесе зейнеткерлікке шыққан адам

Sarbaz.kz редакторы
26/04/2024 - 12:17

Фото: Bild

Фото: Bild

Бундестаг Ұлттық Ардагерлер күнін 15 маусымға енгізу туралы дауыс берді. Германияның қорғаныс министрі Борис Писториус Ардагерлер күнін маңызды әрі кешіктірілген алғыс белгісі деп атады. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі AP агенттігіне басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бундестаг 25 сәуірде қарулы күштерде қызмет еткен адамдарды құрметтеу үшін жыл сайынғы ұлттық Ардагерлер күнін енгізуге дауыс берді. Бұл Германиядағы әскерилерді дәріптеуге қатысты ондаған жылдар бойына тыйым салуды тоқтатты.

«Бұл – басқалар үшін барын беруге дайын, еліміз үшін жанын бергендердің ерлігін мойындау», – деді Писториус пленарлық мәжілісте.

Заң жобасының мәтінінде Ардагерлер күні «арнайы қызметтерді мойындау және алғыс білдіру үшін негіз болуы тиіс, сондай-ақ ардагерлер, олардың отбасылары бундесвер және қоғам арасында пікір алмасу үшін жағдай жасау керек» екені жазылған.

Елдің әскери-әуе күштерінде қызмет еткен неміс социал-демократиялық депутаты Йоханнес Арльт пікірталас барысында «ардагер» сөзі қоғамда көп қолданылмайтынын, мұны тоқтату керек екенін атап өтті.

«Бізге сарбаздарымыз бен ардагерлерімізге көбірек көңіл бөлу керек, сондықтан Германияда ардагерлер күні қажет», – деді ол.

Айта кетейік, Екінші дүниежүзілік соғыс оқиғаларын ескере отырып, Германия милитаризм тақырыбында ыңғайсыздықты сезінетін. 1990 жылы ел біріккеннен кейін ғана неміс қарулы күштері – Бундесвер шетелдегі бітімгершілік миссияларға қосыла бастады, әскерилер үшін марапаттар енгізілді, олардың құрметіне ескерткіштер тұрғызыла бастады.

Билік Берлинде алғашқы Ардагерлер күніне орай үлкен шара ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Бундесвер ардагері – әскерде қызмет ететін немесе зейнеткерлікке шыққан адам.

Агенттік мәліметінше, Косово, Ауғанстан және Мали сияқты елдерге әскерін орналастыру – Бундесвер қызметінің негізгі тірегі болды.

2008 жылы Германия жаңа әскери награда енгізді. Осылайша жауынгерлер Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін алғаш рет мұндай марапатқа ие болу мүмкіндігі берілді. Берлиндегі Қорғаныс министрлігінде Бундесверде қызмет ету кезінде қаза тапқан жауынгерлерге арналған мемориал салынып, 2009 жылы ашылды.

Бундесвер 1955 жылы құрылды және алдымен Батыс Германияның қарулы күштері және 1990 жылдан бастап қайта біріктірілген Германияның қарулы күштері ретінде қызмет етті. Ондаған жылдар ішінде 10 миллионнан астам адам қызмет етті.

Германия Бундесверді модернизациялау және оның әскери шығындарын ұлғайту науқанын Ресей 2022 жылдың басында Украинаға жаппай басып кіргеннен кейін бастады.

×

Редакция

$ 488.45  529.19  5.04