Германияда жемқорлықпен ұсталған депутаттарға арналған жаза күшейді

Жемқорлықпен ұсталғандар бірнеше жылға сотталады немесе айыппұл төлейді

Sarbaz.kz редакторы
26/04/2024 - 11:59

Фото: bundestag.de

Фото: bundestag.de

Бундестаг жемқорлыққа кінәлі деп танылған депутаттарға арналған жазаны қатайтуға дауыс берді. Екі фракция кейбір тұжырымдарды тым анық емес деп санап, дауыс беруден қалыс қалды. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі DW басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бүгінге дейін парламент депутаты тек парламенттік қызметтің негізгі саласына жататын әрекеттері үшін, мысалы, Бундестагта белгілі бір сөз сөйлегені немесе дауыс бергені үшін ақша қабылдаған немесе басқа жеңілдіктер алған жағдайда ғана жауапқа тартылатын.

Енді қылмыстық кодекстің жаңа бабында депутаттық мандатын Бундестаг қабырғасынан тыс жерде бизнес жүргізу мақсатында пайдаланған болса, арнайы жаза қарастырылған.

Атап айтқанда, лауазымы мен депутаттық мандатын сыйақы алу мақсатында министрліктерге ықпал ету үшін пайдаланатын парламентарийлер жауапқа тартылады. Оларға және олардың клиенттеріне үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы немесе айыппұл төлеу жазасы қарастырылады.

Жаңа норма ландтагтар мен Еуропарламент депутаттарына, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың парламенттік ассамблеяларының мүшелеріне қатысты.

Айта кетейік, Бундестаг – Германия Федеративтік Республикасының халық өкілдігінің бір палаталы органы. Бундестаг төрт жыл сайын сайланады.

×

Редакция

$ 439.43  473.31  4.82