Польшаның қорғаныс министрі: Мобилизациядан қашқан украиналықтарды анықтауға дайынбыз

2024 жылдың қаңтарында ЕО елдерінде шамамен 4,3 миллион Украина азаматы бар екені анықталды

Sarbaz.kz редакторы
25/04/2024 - 12:56

Фото: РИА Новости Крым / Дмитрий Макеев

Фото: РИА Новости Крым / Дмитрий Макеев

Польшаның қорғаныс министрі Владислав Косиняк-Камыш Украинадан қашып кеткен әскери жастағы ер адамдарды «анықтауға» көмектесуге дайын екенін айтты. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі BBC агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Польшаның Қорғаныс министрі PolSat телеарнасына берген сұхбатында Варшава көптен бері Киевке украиналық босқындар мен иммигранттар арасында мобилизацияға жататын адамдарды анықтауға көмектесіп келгенін айтты. Бұл көмектің нақты нысандары, министрдің айтуынша, украиналық тараптың қалауына байланысты.

«Отандастарымыз кафелерде украиналық жігіттерді көргенде, сол сияқты Украинаға көмектесу үшін қанша күш жұмсайтынымызды естігенде ашуға берілері анық. Сондай-ақ, майданда жүрген украиналықтардың шет мемлекеттерге қашып кеткен құрдастарына ренжулі екені де белгілі», - деп қосты министр.

Айта кетерлігі, Украинаның сыртқы істер министрлігі осы аптада 18-60 жас аралығындағы украиналықтардың шетелде құжаттарын рәсімдеуін тоқтатқан болатын. Бұл қадам жақында Украинада қабылданған мобилизация туралы жаңа заңға байланысты іске асырылды.

Еуропа Одағының статистикалық қызметінің мәліметі бойынша, 2024 жылдың қаңтарында ЕО елдерінде шамамен 4,3 миллион Украина азаматы болған, оның 860 мыңға жуығы – ер адам. Польша ресми түрде 950 мың украиналыққа уақытша баспана берді және бұл көрсеткіш бойынша Германиядан кейін екінші орында тұр.

×

Редакция

$ 485.11  523.82  5.02