«КСРО жүйесіне негізделген»: маман әскердегі психологиялық көмекті қайта қарау қажеттігін айтты

«Әскери бөлімдерде адамның өзіне деген сенімділігін арттыру мақсатында түрлі тренингтер  өтеді»

Нұрдәулет Кәкіш
25/04/2024 - 11:07

Психологиялық тренингтер жауынгердің сергек қалыпта жүруіне, сондай-ақ шырғалаң шақта мардымды жауап табуына мұрындық болып, сарбаздың коммуникативтік дағдылары мен көшбасшылық қасиеттерін дамытуға зор әсер етеді. Бұл туралы «Аналар жүрегі» сарбаздар аналары комитеті» республикалық қоғамдық бірлестігінің Абай  өңірлік филиалының    өкілі  Айнұр Татерова айтты, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.

«Әскери  құрылымдарда психологтарға артылар жүк өте көп.  Ал олардың әдістемесі кешегі Кеңес Одағының жүйесіне негізделген. Қазіргі психология жаңашыл көзқарас пен жасампаздықты талап етеді.  Сондықтан қатып қалған қағида жоқ. Қоғам талабына сай әскердегі психологиялық әдістемелерді  қайта түрлендіру қажет. Осы орайда ақпан айында әскери құрылымдардағы психологтардың басын қосып, әскердегі психология қызметінің қарқынын арттыру мәселесін қарастырып, дөңгелек  үстел  ұйымдастырдым. Бас қосуда әскери психология әскер қатарына шақырылған жас толымның әскерге жарамдылығын қадағалаудан бастау алатындығы баса айтылды. Әр жас сарбаз қызметінің бастапқы шағында адам ағзасының жаңа ортаға қалыптасуында өзгерістер туындайтыны баршамызға мәлім. Бұл өзгерістер жүйке жүйесіне әсер ететін факторларға алып келуі де бек мүмкін. Әскери өмірге бейімделу үдерісі тиісті бір уақытты талап етеді. Өйткені әскери қызмет тәртібі мен талабына жауынгердің жүріс-тұрысы мен мінез-құлқының сәйкестенуі шарт. Міне, осы уақытта сарбаздың қоршаған әскери ортамен үйлесім табуы жолында психологиялық қолдау міндетті түрде қажет.  Жанұяда еркін өсіп, ұшарын жел, қонарын сай білетін жастық желіктің әскери ортаға топ етіп, саналы түрде бірден әскери тәртіпті ұстанып кетуі – өте күрделі процесс. Әсіресе, қашықта қалған ет жақындарына деген сағыныш сезімін баса білуі, рухани тұрғыда күйзеліске ұшырамаудың ар жағында  әскери психологтың  ерен еңбегі тұр», - деді Айнұр Татерова.

Оның айтуынша, сарбаздар арасында ұйымдастырылатын осындай әртүрлі тренингтер өзара коммуникативті қарым-қатынасты жақындатып қана қоймай, жауынгердің қаруластарымен етене жақын тіл табысуына себепші болады.

«Атап айтсақ, әскери бөлімдерде адамның өзіне деген сенімділігін арттыру мақсатында түрлі тренингтер  өтеді. Мұндай тренингтер қатысушылардың коммуникативтік дағдылары мен көшбасшылық қасиеттерін дамытуға тигізер үлесі зор. Психологиялық тренингтер жауынгердің сергек қалыпта жүруіне, сондай-ақ, шырғалаң шақта мардымды жауап табуына мұрындық болады. Бұл өзара коммуникативті қарым-қатынасты жақындатып қана қоймай, жауынгердің қаруластарымен етене жақын тіл табысуының маңдайалды себепшісіне айналады. Жалпы, әскерилер арасындағы арақатынастың нығая түсуі ұрыс жағдайындағы ұйымшылдықты жоғары дәрежесіне жеткізетінін білесіз бе? Мысалы, ұрыстағы ұйымшылдық жауға қарсы шабуылдың жоспардағыдай өтуіне мүмкіндік бермек. Яғни, әскер жасағындағы әрбір механизм тетігінің біркелкі жұмыс атқаруы, сондай-ақ бір-бірін емеуріннен тани білуі қызметтік-жауынгерлік тапсырманың сәтті орындалуына ықпал етеді», - деді «Аналар жүрегі» сарбаздар аналары комитеті» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілі.

×

Редакция

$ 474.83  515.38  5.5