Ресей мен Украина тұтқынға алынған балаларды айырбастау туралы келісімге келді

Ресейден Украинаға 29 бала, ал 19 бала Ресейге жеткізілетіні туралы келісті

Нұрқанат Омарұлы
25/04/2024 - 10:26

Фото: Qatar's Ministry of Foreign Affairs/REUTERS

Фото: Qatar's Ministry of Foreign Affairs/REUTERS

Қатар билігінің мұрындық болуымен Дохада кездескен Ресей мен Украина өкілдері 48 баланы отбасыларына қайтаруға келісті. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Euronews агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ресей мен Украина тарапы соғыс салдарынан үйлерінен жырақта қалған балаларға қатысты алғашқы келіссөз жүргізді. Кездесу қатарлық биліктің мұрындық болуымен Доха қаласында өтті. Бұл туралы РФ президенті жанындағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Мария Львова-Белова мәлімдеді.

Оның айтуынша, тараптар Ресейден Украинаға 29 бала жіберілетіні, ал 19 бала Ресейге жеткізілетіні туралы келісті. Омбудсмен бөліскен дерекке қарағанда, балалардың нақты тізімі бекітілген.

Киев бұған дейін Ресей әскері басып кірген аймақтардан 19 мыңнан астам бала тұтқындалғаны туралы ақпарат таратқан. Бірақ Мария Львова-Белова бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Былтыр нарыз айында Халықаралық қылмыстық сот украиналық балаларды заңсыз депортациялауға қатысты Ресей президенті Владимир Путин мен Мария Львова-Белованы айыпты деп танып, оларды тұтқындауға ордер берген.

Депортацияланған балалардың бірі – Ростислав. Ол Херсон маңында тұтқынға түскен. Әскери дайындықтан өтуге мәжбүр болған жерден қашып кеткен.

«Ол жерде өте қорқынышты еді. Бәрінен де изоляторға қамап тастағанда зәрем ұшты. Ол жерден қашып кеткім келді, бірақ қолға түссем оңдырмайтындарын білдім», - деп Ростислав естелігімен бөлісті.

Владислав Гаврилов, әскери қылмыстар бойынша тергеуші:

«Қазіргі уақытта әріптестерімізбен бірлесе отырып, ашық дереккөздер мен басқа да тәсілдерді қолданып осындай 60 орынды анықтадық. Олар тек Украинамен шекара бойында ғана емес Ресейдің қиыр шығысында да шоғырланған».

Өткен тәулікте ресейлік армия Донецк, Харьков облыстарына оқ жаудырды. Кем дегенде 14 адам зардап шеккен. Украина қарулы күштерінің хабарлауынша, Ресей әскери нысандарды іздестіру үстінде.

Одессадағы істен шыққан көліктік техниканың қоймасына соққы жасалды.

Украина өз кезегінде Смоленск облысындағы екі мұнай базасына дрондармен соққы жасап, шамамен 26 мың текше метр жанармайды өртеп жіберді. Сондай-ақ, Липецк және Воронеж облыстарындағы украиналық дрондардың шабуылы туралы белгілі болды.

Ал Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу орынбасары тұтқындалғаннан кейін Архангельск облысына «Плесецк» ғарыш айлағының инфрақұрылымын жаңғыртуды тексеруге аттанды.

×

Редакция

$ 443.16  480.39  4.94