Студенттер АҚШ-та антисемитизм мен исламофобия жиілеп кеткенін айтты
Америка университеттерінде Палестинаны қолдайтын шерулер белең алған. Әсіресе антисемитистік және исламофобиялық әрекеттердің өрши түскені жайлы деректер бар. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Өткен түні Нью-Йорк университетінің кампусында Палестинаны қолдау бойынша өткен акциялар кезінде 133 адам тұтқындалды.
Нью-Йорк полиция департаментінің мәліметінше, тұтқындалғандарға сотқа шақыру қағаздары беріліп, барлығы босатылған.
Сондай-ақ Йель, Колумбия университеттерінде және басқа да кампустарда да наразылық күшейе түсуде.
Бұған дейін Йельде он шақты студент қамауға алынған, ал Колумбия университетінде күндізгі сабақ, дәрістер тоқтатылған.
Нью-Йорк және Йельден басқа, наразылық шеруі Берклидегі Калифорния университетінде, Массачусетс технологиялық институтында, Мичиган университетінде, Эмерсон колледжінде және Тафтс университетінде тіркелген.
Нью-Хейвен, Коннектикут штатындағы Йель университетінде 50-ге жуық демонстрант тұтқындалды. Билік ол жерде жүздеген адам жиналып, олардың көпшілігі ғимараттан шығудан бас тартқанын мәлімдеді.
7 қазанда ХАМАС Израильге шабуыл жасағаннан кейін Израильдің Газадағы әрекеттері мен сөз бостандығына қатысты дау мен қарсылық әрекеттері АҚШ-тағы студенттер қалашығында белең алды.
Студенттер АҚШ-та содан бері антисемитизм мен исламофобия жиілеп кеткенін айтады.
Дүйсенбі күнгі митингілер туралы сауалға жауап берген президент Джо Байден «антисемиттік наразылықтарды» да, «палестиналықтарға не болып жатқанын түсінбейтіндерді» де қолдамайтынын және оларды айыптайтынын мәлімдеді.
Жақында өткен Gallup сауалнамасынан белгілі болғандай, қазіргі қақтығыс басталғалы АҚШ-та қоғамдық пікір өзгерді және америкалықтардың көпшілігі Израильдің Газадағы әрекеттеріне қарсы.
Газадағы соғыс 7 қазанда ХАМАС шабуылынан кейін басталды, нәтижесінде 1200-ге жуық адам қаза тапты. ХАМАС бақылауындағы Газаның денсаулық сақтау министрлігінің есебі бойынша, израильдік шабуыл салдарынан анклавта 33 мыңнан астам палестиналық қаза тапты, олардың көпшілігі бейбіт тұрғындар.
Нью-Йорк университетінде «израильдік басқыншылықты қолдайтын қару өндірушілер мен компаниялардың қаржысы мен қайырмалдықтары» туралы ақпаратты жариялауды талап етуде.
Нью-Йорк университеті бизнес-мектеп ғимаратының жанындағы негізгі қарсылық акциясына 50 адам қатысқанын хабарлады. Университет «рұқсатсыз» наразылық әрекеті сабаққа кедергі келтіргенін мәлімдеді.
Нью-Йорк университетінің басшылығы шеруге келгендердің арасында оқу ордасына еш қатысы жоқ адамдардың болғаны жайлы болжамын да айтты.
Дүйсенбі күні – еврей Песах мерекесінің бірінші күні – университет басшылығы антисемитизм негізіндегі оқиғалар дың жиілеп, бұл алғашқы рет емес екенін атап өтті.
Жақында Колумбия университетінің маңындағы наразылық шеруіне қатысушылардың арасында 7 қазандағы ХАМАС-тың Израильге шабуылын қолдайтындардың әрекеті таспаланған бейнежазба әлеуметтік желілерде тарады.
Дүйсенбі күні Колумбия университетіне келген демократ конгрессвумен Кэти Мэннинг Израильдің көзін жоюға шақырған демонстранттарды көргенін айтты.
Колумбиялық университеттегі Хабад хасидтер тобы әлдебіреулердің еврей студенттерді қорлап, балағаттағандарын айтты. Ал университет жанындағы раввин еврей студенттеріне жағдай жақсармайынша кампустан аулақ жүруге кеңес берді.
Көпшілік алдында мәлімдеме жасаған наразылық топтарының мүшелері антисемитизм жөніндегі айыптауларды жоққа шығарып, Израиль мемлекеті мен оның жақтастарын ғана сынайтынын айтқан.
«Палестинадағы әділеттілік үшін Колумбия университетінің студенттері» тобы «өшпенділік пен фанатизмнің кез келген түрін жоққа шығаратынын» айтып, «арандатушылардығ» әрекетін сынға алды.
Ал Ақ үй тарапы антисемитизм негізіндегі оқұиғаларды жақтамайтынын мәлімдеді.