«Дәл осы заңды қоғам түсінбейді»: Ермұрат Бәпи заң жобасының атауына сын айтты

Заң жобасын халыққа түсіндіру кезінде мемлекеттік телеарналардың тиімсіз екенін сөз еткен депутат жұмыс тобына YouTube арналарға шығуға кеңес берді

Нұрдәулет Кәкіш
24/04/2024 - 13:05

Фото ҚР Парламенті Мәжілісінің тікелей трансляциясынан кадр

Фото ҚР Парламенті Мәжілісінің тікелей трансляциясынан кадр

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық құқық бұзушылықтарды одан әрі қылмыстық сипаттан арылту және заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының атауына сын айтты, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.

«Мына заң Президенттің жақсы ниетінен туындаған ғой негізі. Абзал мырза (Абзал Құспан – ред.) бұл заң жобасын жақсы түсіндірді. Мен өз басым түсіндім. Шынымды айтсам, басында дұрыс түсінбегенмін. Бірақ дәл осы заңды қоғам түсінбейді. Неге? «Экономикалық құқық бұзушылықтарды одан әрі қылмыссыздандыру» дейді. Өзі экономикалық құқық бұзушылық болса, оны қылмыссыздандыру жасаса, бұл ақпаратты саяси сауаты төмен қоғам қалай түсінеді? Осының атауын қоғам түсінетіндей етіп қоюға болмай ма? Ертең бізге сөз келеді. Өйткені біз (депутаттар – ред.) қабылдаймыз. Ертең Президентке сөз келеді. Өйткені ол қол қояды. Сол кезде осы жерде 5-6 депутат қана сөзге араласамыз. Әлеуметтік желілерде бәрі бізді белгілейді. Сондықтан Қаржы мониторингі жөніндегі агенттігінің өкіліне айтарым, бұл жұмысты халыққа кеңінен түсіндіру керек. Ол үшін үлкен YouTube арналарға, телеграм арналарға шығу керек. «Qazaqstan», «Хабар» телеарналарының тиімділігі аса жақсы болмайды. Егер мен ар жақта (Мәжілістен тыс жерде – ред.) жүрсем, бұл атауды қазірден сынға алуды бастар едім. Халыққа қиқу, ұран керек. Сондықтан осы мақсатта жұмыс жүргізулеріңізді сұраймын», - деді Ермұрат Бәпи.  

Өз кезегінде Қаржы мониторингі жөніндегі агенттігінің өкілі депутаттың бұл пікірін ескеретіндерін жеткізді.

Бұған дейін бірқатар заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы мен ілеспе құжатының таныстырылғанын хабарлаған болатынбыз.

×

Редакция

$ 498.34  519.72  4.85