Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы құжат таныстырылды
Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық құқық бұзушылықтарды одан әрі қылмыстық сипаттан арылту және заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мен ілеспе құжат таныстырылды, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.
«Атап айтсақ, 2017 жылдан бастап 12 бап бойынша жазаны жеңілдету бастамашылық болған (ҚК-нің 217, 222, 225, 227, 234, 236, 239, 241-245, 247-баптары) және 9 бап бойынша егер қылмыс алғаш рет жасалса және залал өтелсе, қылмыстық жауаптылықтан босату көзделген (ҚК-нің 214, 219, 221, 222, 233, 241, 243, 244, 245-баптары), 3 бап бойынша қылмыстық жауаптылық алынып тасталған (ҚК-нің 215, 235, 240-баптары), 2 бап бойынша қылмыстық жауаптылықтың басталу шегі ұлғайтылған (ҚК-нің 234 және 245-баптары). Көлеңкелі экономика бойынша қылмыстық құқық бұзу жағдайларының өсуіне әкелетін себептерді ескере отырып, заң жобаларымен бизнестің мүдделерін қозғайтын Қылмыстық кодекстің төрт бабын (ҚК-нің 219, 234, 236 және 241-баптары) қылмыссыздандыру көзделген», - деді Мәжіліс депутаты Абзал Құспан.
Түзетулерге қысқаша тоқталсақ, заң жобаларымен Қылмыстық кодекстің екі бабы толық қылмыссыздандыруға ұшырайды. Осы ретте, Қылмыстық кодекстің 219-бабы (кредиттi заңсыз алу немесе бюджеттік кредитті мақсатсыз пайдалану) ескерілген.
«Қылмыссыздандырудың себебін айтсақ, Қылмыстық кодекстің 189 (сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) және 190 (алаяқтық) баптары бойынша саралануы мүмкін. Осыған ұқсас әрекет үшін жауапкершілік Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 233-бабында (Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып кредит, қарыз алу не оларды пайдалану, мемлекеттік сыртқы қарыз қаражатының қарыз шартында белгіленген мерзімде игерілмеуі) көзделген», - деді депутат.
Қылмыстық кодекстің 241-бабы (Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасын бұзу) қылмыссыздандырудың себебіне тоқталсақ, қылмыстық жауаптылық Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 239-бабында ескерілген әкімшілік жауаптылықтан бірнеше есе жеңілірек болған.
«Ішінара қылмыссыздандыру Қылмыстық кодекстің 234 (Экономикалық контрабанда) және 236 (Кедендік баждарды, кедендік алымдарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеуден жалтару) баптары бойынша кедендік құқық бұзу деректеріне қатысты болды. Түзетулер арқылы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 551-бабында жауапкершілікті көздей отырып, ірі мөлшерде құқық бұзушылық жасаудың саралау белгілерін қылмыстық сипаттан арылта отырып, қылмыстық жауаптылықтың басталу шегін көтеру ұсынылды», - деді мәжілісмен.