Франция әуе шабуылына қарсы зымырандардың өндірісін күшейтті
Францияның MBDA компаниясы Mistral «құрлық-әуе» зымырандарының өндірісін айына 10-нан 40 данаға дейін ұлғайтты, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі Army Recognition-ға сілтеме жасай отырып.
MBDA тапсырыстар портфелі үш жыл қатарынан айтарлықтай ұлғайып, 2023 жылдың соңына қарай жалпы алғанда 28 миллиард еуроға жетті. Сондай-ақ компанияның кірісі 7%-ға артып, 4,5 миллиард еуроға жетті.
Тапсырыстардың өсуі бірінші кезекте Украинадағы қақтығыстан кейін қорғанысты нығайтуға ұмтылған еуропалық елдер тарапынан зениттік жүйелерге деген сұраныстың артуынан туындады. Соғыс жағдайы мемлекет қорғанысы үшін қажетті өндіріс қарқынын үдетуді алға қойып, зымырандардың сипаттамасын екінші кезекке ысырды.
Компанияның өндiрiстiк қарқынды ұлғайтуға арналған стратегиялық бағыты нарықтың қазіргі талаптарына сәйкес келiп қана қоймай, халықаралық қақтығыстар жағдайында MBDA-ның әлемдiк қорғаныс секторындағы беделін арттыра түсті. Ал «Мистраль» зымырандарының Украинаға жеткізілуін ұлғайту, компанияның одақтас елдердің саясатын қолдайтынын көрсетеді.
«Мистраль» зымыраны 1980 жылдары алғаш рет қолданысқа берілген, ол жақын қашықтықтағы әуе шабуылын тойтаруға арналған. Әуелбаста «Мистраль» жаяу әскердің жақын қашықтықта әуе шабуылдарынан қорғануына арналған еді, уақыт өте келе әскери қимылдардың, шабуыл тәсілдерінің өзгеруіне байланысты аталмыш зымыран да бірнеше дүркін жаңғырып, модернизациядан өткен.
«Мистраль» зымыраны арнайы бағыттағышы бар инфрақызыл жабдықпен қамтылған, оның көмегімен ұшақ, тікұшақ секілді, яғни жылу бөлетін нысандарға дәл тиеді. Зымыранды іске қосқан оператор батырманы басқан соң, нысанаға дәл тиетініне күмәні болмайды. Себебі зымыран нысананы автоматты түрде тауып, соған қарай ұшады. Бұл қару ұшақ, тікұшақ, дрон, тіпті кейбір жетілдірілген модельдері зымырандардың да көзін жоя алады. Әдетте оның қауқары 6 километрге жуық радиусты қамтиды, әрі радиоэлектрондық қарсы іс-қимыл әрекеттері кезінде де мүлтіксіз қызмет етеді.