Ресей әскері Еуропадағы GPS жұмысын бұғаттауы әбден мүмкін – Bild

Соңғы бірнеше аптада GPS жүйесіндегі ақаулар үдей түскен

Нұрқанат Омарұлы
24/04/2024 - 09:00

Фото: Gelio.livejournal.com

Фото: Gelio.livejournal.com

Ресейдің Украинаға басқыншылық әрекеті басталғалы азаматтық авиация ұшқыштары GPS-спутниктерінің жұмысындағы олқылықтарға шағымдануда. Олардың жұмысы тоқтап қана қоймай, арасында қате мәліметтерді көрсетеді. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Bild басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Алғашқы дабылды хабар Финляндиядан келген: ұшақ экипаждарының шағымына қарағанда, жүйе жұмысындағы олқылық Ресейдің Калининград облысының маңайынан ұшып өткен кезде байқалған. Соның салдарынан қауіпті жағдай болмасын деген сақтықпен литвалық әуе компанияларының бірі кейбір әуе рейстерін тоқтатқан.

Соңғы бірнеше аптада GPS жүйесіндегі ақаулар үдей түскен. Әуе саласы сарапшылары мұндай әрекеттің салдарынан апат болуы әбден мүмкін деп дабыл қағып отыр.

13 наурызда Ұлыбритания қорғаныс министрі Грант Шаппс Польшаға ұшты. Корольдік әуе күштерінің ұшағы Калининград облысы маңынан ұшып бара жатқанда, ұшқыштар GPS жүйесінің істен шыққаны жайлы хабарлады. Алайда, британ үкіметінің өкілі кейіннен бұл жағдай ұшаққа ешқандай қауіп төндірмегенін мәлімдеді.

«GPS-сигналды ауыстыру әрекеті – азаматтық авиацияның кедергісіз жұмыс істеуіне араласу және азаматтық ұшақтарға қауіп төндіру деген сөз», - деп мәлімдеді Lufthansa әуе компаниясы.

Британдық The Sun басылымының хабарлауынша, соңғы сегіз айда Ryanair әуе компаниясының 2309 рейсі қате GPS-сигнал алған. Кейбір ұшақтар қазір жүйе жұмысында кедергілер жиі болатын аудандарды айналып ұшуға мәжбүр.

«Ғаламдық навигациялық спутниктік жүйенің жұмысында іркілістерге ресейлік тараптың қатысы болуы әбден мүмкін. Әсіресе электромагниттік спектрде іркілістер байқалады. Бұл ретте бундесвердің әскери құрылымдары тек қана GPS жұмысына сүйенбейді», - деп хабарлады ГФР Қорғаныс министрлігі.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91