Ресей Байқоңырдан зымырандарын ұшыруын тоқтата ма?

«Роскосмос» Қазақстанға «Протон» зымырандарын 2025 жылдан кейін де ұшыру туралы ұсыныс білдірді

Нұрқанат Омарұлы
23/04/2024 - 16:38

Фото: РИА Новости / Алексей Филиппов

Фото: РИА Новости / Алексей Филиппов

«Протон» зымыран өндірушісі Хруничев орталығы Байқоңыр бойынша келісімді ұзартпақ ниетте. Негізі Қазақстанмен арадағы келісім бойынша «Протон» зымырандарын ұшыру 2025 жылдан кейін тоқтатылуы тиіс. Бұл жайында Хруничев атындағы орталықтың бас директоры Алексей Варочко мәлімдеді. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі ria.ru-ге сілтеме жасап хабарлайды.

«Хруничев орталығы мен «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясы тарапынан ұсыныстар пысықталып, қазақстандық әріптестерімізге жіберілді. Қазіргі уақытта «Байқоңыр» кешені бойынша Үкіметаралық комиссия шеңберінде аталған жоспарды іске асыру бойынша шаруа жүріп жатыр», - деді Варочко.

Ол өз сөзінде Қазақстанмен өзара жоспарлы іс-қимылға сәйкес 2025 жылдан кейін «Протондарды» ұшыру қалай ұйымдастырылады деген сұраққа жауап берді.

Оның айтуынша, бүгінде «Протон-М» зымыран тасығышының он данасы әртүрлі деңгейдегі дайындықта. Олардың бір бөлігі Ресейдің Федералдық ғарыш бағдарламасын орындау үшін, тағы бір бөлігі – коммерциялық ұшырулар бойынша міндеттемелерді орындауға пайдаланылатын болады.

Хруничев атындағы орталықтың бас директоры геосаяси жағдайға және кейбір тапсырыс берушілердің осы зымырандарды ұшыру қызметтерін одан әрі пайдаланудан бас тартуына байланысты олардың бір бөлігі бос қалғанын атап өтті.

«Осыған байланысты Хруничев орталығы «Роскосмоспен» бірлесіп, ішкі және сыртқы нарықтарда осы зымырандарды кәдеге жарату бойынша шаруаны пысықтау үстінде», - деп қосты Варочко.

Ресей мен Қазақстан арасындағы келісімге сәйкес, «Протон» зымырандарын ұшыру 2025 жылдан кейін тоқтатылуы тиіс. Осыған байланысты олардың өндірісі де доғарылуы керек.

«Протон» ғарыш тасығышы бастапқыда УР-500 құрлықаралық баллистикалық зымыранының базасында жасалған. Оның алғашқысы 1965 жылдың 16 шілдесінде ұшырылды. Кейіннен «Протон» үшінші сатыға сәйкес жабдықталып, «Протон-К» деңгейіне дейін жаңғыртылды. Бұл зымыран 1967 жылдан 2012 жылға дейін қолданылған.

2001 жылдан бастап «Протон-М» зымыранының соңғы нұсқасы пайдаланылуда. Оның жүк көтеру әлеуеті үлкен және спутниктерді кең көлемдегі орбиталарға шығара алады. Бұдан басқа, отын компоненттерін толық өндіру схемасы қолданылған, бұл зиянды компоненттердің (тотықтырғыш ретінде уытты симметриялы емес диметилгидразин мен азот тетраоксиді) қалдықтарын  толығымен жояды. Барлығы осы сериядағы зымыранның 400-ден астамы ұшырылды.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91