2019-2022 жылдар аралығында әлемде 12 193 бала соғыстың құрбаны болды
Әлем бойынша соңғы төрт жылдағы қақтығыстардың ішінде Газа секторындағы соғыста ең көп бала оққа ұшқан. Осындай деректерді келтірген палестиналық босқындардың ісі бойынша БҰҰ Агенттігінің бас комиссары дереу соғысты тоқтатуға шақырды. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Euronews агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Соңғы төрт жыл ішінде әлемдегі барлық соғыстарға қарағанда Газадағы қақтығыс салдарынан балалар көп қаза тапқан. БҰҰ-ның палестиналық босқындарға көмек көрсету жөніндегі Таяу Шығыс агенттігінің Бас комиссары осылай деп мәлімдеп, дабыл қақты.
Филипп Лаззарини өзінің X әлеуметтік желісіндегі парақшасында Газада болып жатқан оқиғаларды «балаларға, олардың балалық шағы мен болашағына қарсы соғыс» деп атады. Ол БҰҰ және ХАМАС жауынгерлері бақылауындағы Палестина Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сүйене отырып осындай мәлімдеме жасаған. Лаззарини келтірген деректер бойынша, Израильдің әскери операциясы басталғалы бері 7 қазан мен 29 ақпан аралығында анклавта 12 300-ден астам бала жазым болған.
Ал 2019-2022 жылдар аралығында әлемде 12 193 бала соғыстың құрбаны болды. Осылай деген Лаззарини өңірде оқ атуды дереу тоқтатуға шақырды.
Агенттік мәліметінше, аталмыш өңірде аштықтың жайлап, көптеген адамның, оның ішінде әсіресе балалардың өмірін жалмап жатқаны, гуманитарлық көмек көлемінің мардымсыздығы мен оны жеткізудің қиындығы жайында БҰҰ дабыл қаққанына біршама уақыт болды.
Израильге өз тарихында алғаш рет Газадағы геноцид үшін айып тағылды. БҰҰ-ның Гаагадағы халықаралық соты қаңтар айында еврей мемлекетін геноцид деп бағалануы мүмкін әрекеттерін дереу тоқтатуға, және палестиналықтарға гуманитарлық көмек жеткізуді оңтайландыруға қатысты аралық шешім шығарды.