Батыс елдерінің тарапынан берілетін көмектің кешігуі Ресейге осындай мүмкіндік беріп отыр
Көктем, жаз айларында Ресей армиясы жаңа ауқымды шабуыл операциясын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. ISW сарапшылары осындай болжамын айтты. Батыс елдерінің Украинаға уәделі көмегінің кешігуі Ресей әскеріне алға жылжи түсуге мүмкіндік беріп отыр. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Euronews агенттігіне сілтеме жасап хабарайды.
Украина АҚШ-тан жаңа қару-жарақ күтіп отыр. Көктем, жаз айларында Ресей армиясы жаңа ауқымды шабуыл операциясын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Украина билігі дабыл қағып, ескерткелі біршама уақыт болды. Мұндай қауіпті АҚШ-та орналасқан «Соғысты зерттеу институты» сараптамалық орталығының мамандары да жоққа шығармайды. Олар Украина майданындағы жағдайды үнемі бақылап отырады. Сарапшылардың пайымынша, батыс елдерінің тарапынан уәделі көмектің кешігуі Ресей әскері үшін шабуылды үдете түсуге мүмкіндік беріп отыр. Бұл жағдай НАТО үшін де қолайсыз.
«Қазіргі уақытта Украинаның шығысындағы жағдайдың айтарлықтай күрделене түскенін байқадық, ол жақта ресейлік әскер шабуылын үдете түскен. Әсіресе үш өңірде жағдай қиын. Нақтырақ айтқанда, Лиман бағыты мен Донецк облысының солтүстігі, Бахмут маңайы, Авдеевкадан батыс, оңтүстік-батыс бағытындағы жерлерде жағдай күрделі.
Ресей әскері аз да болса тактикалық көрсеткіш бойынша ілгерілей түскен. Ал Украина тарапының жағдайы қиын, өйткені одақтас елдерден көмек айтарлықтай кешікті, соның салдарынан Ресей армиясының екпінді шабуылын тойтаруға қауқарсыз. Былайша айтқанда, Украина қорғанысы әуелгі қуатынан айырылған.
Сондай-ақ, ресейлік тарап соғыс даласындағы әрекетін ширатып, жазда жоспарланып отырған ауқымды шабуылда айтарлықтай жетістікке жетуі мүмкін», - деді ISW RUSSIA сарапшысы Райли Бейли.
SW хабарлағандай, Ресей негізгі нысандарға, соның ішінде стратегиялық маңызды Часов Яр қаласына жаңа шабуыл жасауды жоспарлап отыр:
«Егер ресейлік әскер Часов Ярды басып алса, онда Константиновка мен Дружковкаға шабуылдау операцияларын бастауға мүмкіндік пайда болады. Бұл ірі қалалар, сондай-ақ Украина қорғанысының негізін құрайтын облыстар, яғни маңыздылығы жоғары. Көктемде ресейлік әскер Часов Ярды басып алу бойынша шабуыл операцияларын үдете береді», - деді Райли Бейли.
Украина біраз уақыттан бері көктемде ресейлік шабуыл үдей түсуі мүмкін деп дабыл қағып, ескертіп келеді. Сарапшылардың айтуынша, тойтарыс беру үшін батыс елдерінің көмегі ауадай қажет.
Ресейлік әскер танк, ұшақтар мен оқ-дәрі бойынша басым. Батыс елдерінің уәделі көмегінің кешігуі салдарынан Украинаның қорғаныс шебі айтарлықтай әлсірей түскен.