Украина Еуропаның әуе қорғанысына жауапты техникаларына мұқтаж – Euronews

Әуе қорғанысы жүйесі бар Еуропа Одағының елдері қысымға ұшырады

Sarbaz.kz редакторы
23/04/2024 - 10:16

Фото : Anthony Sweeney

Фото : Anthony Sweeney

Еуроодақтағы одақтастар Украинаға әуе қорғаныс жүйелерін беруге шақырды. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Euronews агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Еуроодақ сыртқы істер және қорғаныс министрлері «Ресеймен соғыстың траекториясы дұрыс емес бағытта жүріп жатыр» деп бір-бірін Украинаны қолдау үшін шұғыл әрекет етуге шақырды.

Люксембургте өткен кездесуде Испания, Нидерланд, Италия, Грекия және Румыния елдеріне қысым жасалды. Бұл елдерде сақтауда Patriot әуе қорғаныс жүйелері бар екені белгілі, бірақ қолданысқа шығарылмайды. Агенттік мәліметінше, бұрын аталмыш елдер Мәскеумен қарым-қатынас қиындауы мүмкін деп қорқып, өз қорғанысын қамтамасыз етуді қалап, Киевке қару-жарақ жіберуден тартынатын.

Римдік бақылаушы, Халықаралық қатынастар институтының директоры Натали Токчи мұндай қадамның кері әсері туралы айтты.

«Шыны керек, соғыс қимылдарының өршуіне біздің ұстамдылығымыз себеп болды. Білесіз бе, Путин басқалардың қорқынышын бірден байқайды және үрейленетінін де сезеді. Ол рингте қарсыласының қорқып тұрғанын сезіп, соққыларын еселеп жіберетін боксшы сияқты әрекет етеді. Дәл қазір болып жатқан жағдай осы. Сондықтан концептуалды, тіпті психологиялық тұрғыдан алғанда, министрлердің мұндай дәлелдері сынға төтеп бере алмайды. Фактілер көрсеткендей әрі мен айтқанымдай, шиеленіске біздің ұстамдылығымыз себеп болды», - деді ол.

Өткен аптада ЕО көшбасшыларының алдында сөйлеген сөзінде Украина президенті кейбір елдерге ренішін жеткізді.

«Әуе қорғанысы жүйелерін «Патриот» деп сақтау базаларында бір жерде қозғалмай тұрған техникаларды емес, олар жұмыс істеп, адам өмірін сақтап қалса ғана айтуға болады», - деді ол.

Владимир Зеленский жасырын арсеналдары, оның ішінде әуе қорғанысы жүйелері бар елдерге ренішін білдірді.

Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррель Ресейдің шабуылға дайындалып жатқанын және ойлануға уақыт жоқ екенін айтты:

«Бұл сандар шынымен қорқынышты, Ресейдің Украинаны зымырандарымен, ұшқышсыз ұшақтарымен және басқарылмайтын бомбаларымен шабуыл жасауы үрейлендіреді. Украина 4 айда 7 мың басқарылатын бомба, яғни күніне шамамен 16 бомбаның анықталғанын хабарлады. Бұл үздіксіз шабуылдар Путиннің стратегиясының бір бөлігі ғана. Екінші жағынан, Украинада өзін-өзі қорғау және Ресей агрессиясына тойтарыс беретін қару-жарақ жетіспейтіні анық. Украинаның энергетикалық жүйесіне тигізетін әсері өте үлкен», - деді ол.

Бұл кездесуде ЕО-ға мүше елдердің қарамағында қанша әуе қорғанысының жүйесі бар екені айтылған жоқ. Ал президент Зеленский Украинаға өзінің негізгі қалаларын ресейлік бомбалаудан қорғау үшін олардың жетеуі ғана қажет екенін айтты.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91