Енді блогерлерге құмар ойын түрлерін жарнамалауға тыйым салынады

Заңсыз онлайн казино ұйымдастырушыларға қандай жаза қолданылады?

Нұрдәулет Кәкіш
22/04/2024 - 16:28

Фото: freepik.com

Фото: freepik.com

Енді букмекерлік кеңселер мен казинолардың жарнамасы шектелуі мүмкін. Жаңа заң жобасы туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев Мәжілістің жалпы отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.

Оның сөзінше, бүгін қарастырылып отырған заң жобалары осы мәселелерді барынша ауыздықтап, реттеуге арналған.

«Заң аясында келесі шаралар іске асырылады. Бірінші, заңда максималды түрде букмекерлік кеңселер мен казинолардың жарнамасын шектеу қарастырылған. Онда үйлердің қасбеттерінде, ғимараттарда, құрылыстардың қоршауларында, көлік құралдарында сыртқы жарнамаға толық тыйым салынады. Интернет ресурстарында ресми сайттарда, телеарналар мен радиода, мерзімді баспа басылымдарында, кино беттерінде, мобильді операторлардың смс хаттарында да жарнамаға тыйым салынады. Енді белгілі блогерлер мен әлеуметтік желілердегі танымал тұлғаларға да мұндай ойын түрлерін жарнамалауға тыйым салынады. Жарнама тек спорттық нысандар мен спорттық бағыттағы сайттар, телеарналар мен спорттық іс-шараларда ғана рұқсат етіледі», - деді депутат.

Оның айтуынша, ойындарға бәс тігу жасы 21-ден 25 жасқа дейін көтеріледі.

«Өтелмеген алимент немесе несиелік қарызы бар азаматтардың құмар ойынға бәс тігуге мүмкіндігі шектеледі. Яғни борышкерлердің бірыңғай реестрлерінде мәліметтері бар жеке тұлғаларды құмар ойындарға және бәс тігуге жіберуге толық тыйым салу белгіленіп отыр. Ойнау жасына келмеген азаматтардың құмар ойындарына және бәс тігуіне шектеледі. Оларға заңсыз ойын ойнауға мүмкіндік берген заңды тұлғаларға қомақты көлемде айыппұл салынады. Қайталанған жағдайда лицензиялары тоқтатылады», - деді Елнұр Бейсенбаев.

Сондай-ақ ол заңсыз онлайн казино ұйымдастырушыларға қылмыстық кодекстің 307-бабы бойынша жаза қолданылатынын атап өтті.

«Атап айтқанда, мүлкі тәркіленеді, 2 мың айлық есептік көрсеткішке дейін мөлшерге дейін айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына яки 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға немесе екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектеу жазалары қарастырылған. Сондай-ақ балаларға білім беру, медициналық, діни ұйымдары орналасқан тұрғын үйлер мен ғимараттарда лоторея билеттерін таратуға және лоторея терминалдарын орнатуға да тыйым салынады», - деді мәжілісмен.

Депутаттың сөзінше, шетелдік ойын бизнесін ұйымдастырушылардың тізімі де жүргізіледі. Сондай-ақ банктер мен төлем жүйелеріне олардың пайдасына қаржылық операциялар жүргізуге тыйым салу көзделіп отыр.

«Букмекерлік кеңселердің немесе тотализатордың қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушылардың өз аппараттық бағдарламалық кешендерінің мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелерімен интеграциялануын қамтамасыз ету міндеті белгіленеді. Бұдан былай қанша трилионның айналымда екенін біле аламыз. Сондай-ақ Ұлттық банктің қаржылық мониторингі агенттігінің Әділет министрлігінің базаларын біріктіру арқылы ойыншының тұлғасы бейнеметрикалық тұрғыдан анықталатын болады», - деді Мәжіліс депутаты.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91