Германияда көлік өндірісінің білікті мамандары жаппай әскери салаға ауысып жатыр

Украинадағы соғысқа байланысты қорғаныс компаниялары жұмысшылар үшін тартымды бола бастаған

Sarbaz.kz редакторы
22/04/2024 - 11:50

Фото: Axel Heimken/AFP/Getty Images

Фото: Axel Heimken/AFP/Getty Images

Қытайлық көлік өндірушілермен бәсекелестікте айтарлықтай артта қалып, дағдарысқа ұшырап жатқан немістің көлік өндіру компанияларының жоғары санатты жұмысшылары қорғаныс саласына ауысып жатыр, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі Bloomberg-ке сілтеме жасай отырып.

Украинаның әуе қорғанысына қажетті датчиктерді шығаратын Hensoldt компаниясына көлік өндірісі саласының инженерлері ағылып келуде. 2024 жылы аталмыш компания әр бөлімге 700 қызметкер қабылдауды жоспарлап отыр.

Германиядағы ең ірі қару-жарақ өндіруші Rheinmetall 2023 жылы 7,2 млрд еуро көлемінде сауда жасаса, биылғы өнімнің көлемі 10 млрд еуродан асады деп жобаланып отыр. Компания ресейлік шабуылға дейінгі көрсеткіштерін он есеге арттырып, 2025 жылға қарай 700 000-ға жуық артиллериялық снарядтарды шығаруды көздеп отыр. Ал 2022 жылдың басынан бері компания бүкіл әлем бойынша 4 мыңға жуық адамды жалдаған. Өтініштер саны өсуде. 2023 жылы тек Германия бойынша 108 мың адам жұмыс істеуге өтініш берді. Бұл туралы Rheinmetall бас директоры Армин Паппергер хабарлады. 2024 жылдың 4 айында компания 38 мыңнан астам өтінім қабылдаған.

Сарапшылар инженерлердің автоөнеркәсіптен қорғаныс саласына жаппай кетуін автоөндірушілер штатының қысқаруымен және Украинадағы соғыс аясында қорғаныс өнеркәсібіне деген қызығушылықтың қайта жандануымен байланыстырады. Оған қоса, Stepstone бос жұмыс орындары платформасы дерегіне сәйкес, қорғаныс секторындағы жалақы әлдеқайда жоғары және салықтарды шегергенге дейін шамамен 68 000 еуроны құрайды. Мысалы, Renk компаниясы бас операциялық директоры қызметіне 25 жылдан астам уақыт бойы Mercedes-Benz-те басшылық лауазымдарда, оның ішінде басқарушы директор және Mercedes-AMG спорттық автомобильдер бөлімшесінің операциялық бөлімінің басшысы ретінде жұмыс істеген Эммерих Шиллерді  жұмысқа қабылдады. Өзінің жаңа лауазымында Шиллер тапсырыстар көлемінің ұлғаюына қарай өндіріс көлемінің өсуіне жауап береді.

Басылымның мәліметінше, Украинадағы соғыстың басталғанына бірнеше жыл болғанын ескерсек, бұл саланың маңыздылығы арта беруі мүмкін.

«Соңғы 30 жыл ішінде қорғаныс секторының қызметкерлері өздерінің қай жерде жұмыс істейтінін көпшілікке айтпағанды жөн көрген. Қазір олай емес. Қазір бұл саланың маңызы артқан», - деді Hensoldt компаниясының бұрынғы бас директоры Томас Мюллер.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91