Бүгін – Қазақстан әскери полициясының құрылған күні

Әскери полицейлер БҰҰ аясындағы бітімгерлік миссияларға үнемі қатысып келеді

Sarbaz.kz редакторы
22/04/2024 - 10:17

Фото: Қорғаныс министрлігі

Фото: Қорғаныс министрлігі

Бүгін елімізде әскери полицейлер кәсіби мерекесін атап өтіп жатыр, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

1997 жылғы 22 сәуірде ел Президенті «Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының жүйесін одан әрі реформалау жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. 

Құжат Қорғаныс министрлігінің құрылымында әскери қылмыстар бойынша құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және анықтауды жүзеге асыру үшін әскери полиция құруды көздеді. Сол кезде бұрынғы кеңес құрылымында болған елдерде мұндай әскери құқық қорғау құрылымы болмаған еді. 

Қарулы күштердің құқық қорғау құрылымының құқықтық негіздері, қағидаттары, міндеттері мен жүйесі 2005 жылғы 21 ақпандағы ҚР «Әскери полиция органдары туралы» Заңында бекітілген. 2023 жылғы 14 наурыздағы заңның жаңа редакциясы оның өкілеттіктерін кеңейте түсті.  

Бүгінде әскери полиция органдары құқық қорғау және жауынгерлік функциялары бар өзін-өзі қамтамасыз ететін әскери бөлімшелермен танылған. Соңғы техникамен жабдықталған бөлімшелер автономды байланыс және басқару жүйесімен қамтылған. Еліміздің Қарулы күштеріндегі құқықтық тәртіптің жай-күйін есепке алу жөніндегі бірегей ақпараттық жүйе де назар аударуға лайық.

Әскери көлік қозғалысын бақылау жылжымалы көлік құралдарының спутниктік мониторингі жүйесінің көмегімен жүзеге асырылады. Бұл оларды анықтауға, жылдамдықты, жүріп өткен қашықтықты және жолдың қалған бөлігін көруге мүмкіндік береді. Кинологиялық қызметті құру күрделі қылмыстарды ашудағы, жарылғыш, есірткі заттарды тауып, анықтаудағы маңызды қадам болды. 

Әскери полиция органдары БҰҰ аясында жүзеге асырылатын бітімгерлік миссияларға ұдайы қатысып келеді. Әскери қызметшілер ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасында өтетін терроризмге қарсы бірлескен «Бейбіт миссия» әскери оқу-жаттығуын, «Айбалта», «Батыл тойтарыс» және «Жауынгерлік достастық» стратегиялық командалық-штабтық әскери оқу-жаттығуларын өткізу кезінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін тартылады.   

Әскери тәртіпті, құқықтық тәртіпті нығайту және әскердегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі мақсатты жұмыс құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың санын едәуір қысқартып, әскери қызметшілердің құқықтық сана деңгейін арттырды. Қазақстандық әскери полиция жинаған тәжірибесімен Армения, Әзербайжан және Ресейдегі әріптестерімен бөліседі. 

Бүгінде еліміздің бірқатар өңірлеріндегі су тасқыны апатында әскери полиция қызметкерлері халыққа жан-жақты көмек көрсетуде. Олар қарғын судан зардап шеккен жергілікті тұрғындарға көмек көрсетіп, эвакуациялауды ұйымдастырады, іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізеді, елді мекендерде тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті сақтайды.

×

Редакция

$ 488.45  529.19  5.04