АҚШ өз әскерін Нигерден шығаруға келісті

2023 жылы Нигерде билікті басып алған әскери хунта Ресеймен жақындасуды бастады

Админ
21/04/2024 - 11:37

Carley Petesch/AP Photo/picture alliance

Carley Petesch/AP Photo/picture alliance

Америка Құрама Штаттары өзінің барлық әскери контингентін Нигерден шығаруға келісті, деп хабарлады dw.com сайты.

Америкалық әскерді шығару туралы келісімге Вашингтонда АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары Курт Кэмпбелл мен Нигер премьер-министрі Али Ламин Зейннің кездесуінде қол жеткізілді.

Америка Құрама Штаттары делегациясы АҚШ күштерін елден шығарудың нақты қалай жүзеге асырылатыны туралы келіссөздер жүргізу үшін жақын күндері Нигер астанасы Ниамейге барады деп күтілуде. Нигер мемлекеттік телеарнасы сапардың келесі аптада болатынын хабарлады. АҚШ Мемлекеттік департаменті әзірге ешқандай ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

The New York Times газетінің хабарлауынша, АҚШ әскері Нигерден «таяу айларда» кетуі мүмкін. Washington Post газеті бұл шешім осы елде 6 жыл бұрын 110 миллион долларға салынған америкалық авиабазаның мәртебесіне күмән келтіретінін атап өтті. Оның көмегімен АҚШ Нигердегі және көршілес елдердегі лаңкестік және экстремистік топтардың әрекеттерін бақылап, жолын кесіп отыратын.

Айта кетейік, Нигер – әлемдегі ең кедей елдердің бірі. 2023 жылы шілдеде елдегі билікті әскери хунта басып алды. Мәскеудің қатысы бар деп күдіктелген төңкеріске дейін Нигер Батыс және Орталық Африкадағы содырлармен күресте АҚШ, Франция және Германия сияқты батыс мемлекеттерінің маңызды серіктестерінің бірі болды. Ұзақ жылдар бойы Нигерді «Ислам мемлекеті» және «Әл-Қаидамен» байланысы бар түрлі топтар қорқытып келеді.

2023 жылдың қаңтарында Нигер Мали және Буркина-Фасомен бірге ECOWAS (Батыс Африка мемлекеттерінің экономикалық қауымдастығы) аймақтық альянсынан шықты. Қауымдастықтың негізгі мақсаты Батыс Африкадағы аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету болды. Нигер билігі АҚШ және Франциямен әскери ынтымақтастықты тоқтататынын ресми түрде мәлімдеді.

Өткен аптада Ниамейге ресейлік әскери нұсқаушылар келді. Нигер мемлекеттік телеарнасының хабарлауынша, олар нигерлық әскерилерді оқытып, оларды әскери техникамен, соның ішінде әуе қорғанысы жүйелерімен қамтамасыз етеді. Сарапшылар Нигердің Вашингтонмен қарым-қатынасын үзіп, әскери шығындарды бақылауды алып тастауы Ресеймен әскери ынтымақтастық туралы келісімнің алғышарты болғанына сенімді.

Тегтер

×

Редакция

$ 481.84  531.33  5.07