Украина Қорғаныс министрлігінің Бас барлау басқармасының бастығы Кирилл Буданов BBC тілшісіне сұхбат беріп, ресейлік стратегиялық бомбалаушы Ту-22МЗ ұшағын қалай атып түсіргені туралы айтып берді.
Бір аптадай күттік, тығылып жүріп аңдыдық. Себебі оның қажетті межеге жетуін күттік. Ұшақты 308 шақырым қашықтықтан атып түсірдік. Оны жою үшін А-50 ұшағын әуеде атып түсіргенде қолданылған әдіс-тәсілдер мен құралдар қолданды, – деп түсіндірді Бас барлау басқармасының басшысы.
Бас барлау басқармасының мәліметінше, Ресейде мұндай ұшақтар әлі де бар. Бірақ Буданов осы соғыста алыс қашықтыққа ұшатын ұшақ бірінші рет құлағанын атап өтті. Оның айтуынша, енді Одессаны қорғау біршама жеңілдей түседі.
Буданов Ту-22М3 ұшағы бұған дейін Х-22 зымырандарын пайдаланғанын және «бұл қуатты да жылдам зымырандарды бұған дейін ешкім ұстап ала алмағанын» айтты.
Енді ресейліктер зымырандарды ұшыру үшін жаңа алаңдарды іздеуге, сондай-ақ Одессаға шабуыл жасау үшін тек жерүсті жүйелерін, алыс қашықтыққа ұшатын авиация мен теңіздегі зымырандарды пайдалануға мәжбүр болады, - дейді Буданов.
Бұл ретте Ресей Қорғаныс министрлігі Ту-22М3 зымыран тасығышының «жауынгерлік тапсырмадан кейін құлағанын» хабарлады. Ал құлаудың себебі «техникалық ақау» болуы мүмкін.
Ұшқыштар секіріп үлгерді, экипаждың үш мүшесі табылды, басқа ұшқышты іздеу жалғасуда, – деп хабарлады Ресей Қорғаныс министрлігі.