Қазақстандықтар өңірлердегі су тасқыны жағдайын онлайн бақылай алады

eGov mobile қосымшасында су тасқынынан келген материалдық шығынды өтеу туралы өтініштерді қабылдауға арналған сервис іске қосылды

Sarbaz.kz редакторы
18/04/2024 - 15:35

Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Енді әрбір азамат Gov.kz сайтында су тасқынына дайындық бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен Орал, Атырау, Қостанай қалаларындағы жағдайды онлайн көре алады. Бұл туралы ҚР ЦДИАӨМ ресми өкілі Альбина Атен ОКҚ алаңында өткен брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

Сондай-ақ eGov mobile мобильді қосымшасында су тасқыны салдарынан келтірілген материалдық шығынды өтеу туралы өтініштерді қабылдауға арналған сервис іске қосылды.

«Қызмет су тасқынынан зардап шеккен Ақмола, Қостанай, Атырау, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы барлық азаматтарға қолжетімді. Азаматтар енді тікелей eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы шығынды өтеу туралы арызды оңай әрі ыңғайлы түрде бере алады», - деді спикер.

Оның айтуынша, Astana Hub су тасқынын басқару бойынша 30-дан астам инновациялық шешімді жинап, оларды Төтенше жағдайлар министрлігінің қарауына ұсынды.

ARC Drones негізін қалаушылар Әлібек Елтай және Әсел Тұрсынмен бірге америкалық стартап Қазақстандағы су тасқынына қарсы көмек көрсету үшін автономды дрондарын ұсынады.

«Дрондар бүгін Қазақстанға келеді, олар Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесе Атырау қаласында жүк жеткізуді жоспарлап отыр», - деді ведомствоның ресми өкілі.

Сонымен қатар, Қазақстандағы су тасқыны жағдайына байланысты Батыс Қазақстан, Атырау және Павлодар облыстарындағы «Ұлттық геодезия және кеңістіктік ақпарат орталығы» РМК және жеке геодезиялық компаниялардың мамандары арасынан штабтар ұйымдастырылды. Өткізілген іс-шаралардың қорытындысы бойынша сыни нүктелер мен қорғалмаған учаскелер айқындалды, оларды нығайту және қосымша қорғаныш үйінділерін орнату қажет.

×

Редакция

$ 498.34  519.72  4.85