Қазақстанның көші-қон заңнамасына бірқатар өзгерістер енгізілді
Қазақстан Республикасы Сенатының бүгінгі отырысында көші-қон, қылмыстық атқару жүйесіне қатысты заң жобасы қаралды. Бірқатар түзетулер енгізілгенімен, заң жобасы мақұлданбай қайта қарау үшін Мәжіліске қайтарылды, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Қазақстанның көші-қон заңнамасына бірқатар өзгерістер енгізілді. Мәселен, ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған шетел азаматтарының Қазақстанға келуіне тыйым салатын негіздер кеңейтілді. Ондай азаматтар Қазақстан шекарасынан өтіп кеткен жағдайда дереу өз елдеріне қайтарылатын болады. Сондай-ақ қылмыстық атқару жүйесіндегі заңнаманы жетілдіруге қатысты өзгерістер бар.
«Қылмыстық атқару жүйесінің тергеу изоляторының уақытша ұстау изоляторының қызметкерлері өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып қылмыс жасаған жағдайда 2 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауап қатаңдатылып, жазаның баламалы түрлері алынып тасталды», - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Советбек Медебаев.
Шаруа бастағысы келетін азаматтарға жақсы жаңалық. Ішкі көшіп-қонуды ынталандыру мақсатында қоныс аудрушыларға шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін жер бөлінетін болады. Мұндай жерлер конкурстан тыс тәртіппен бес жылға дейінгі мерзімге жалға беріледі.
Сенаторлардың айтуынша, әзірге бұл заң жобасының шикі тұстары бар.
«Бас комитет заңның жекелеген баптарын мақұлдамауды және көрсетілген баптардың жаңа редакциясымен заңды мәжіліске қайтаруды ұсынып отыр. Осыған орай кесетеге он бір түзету енгізілген», - деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.