БАӘ мен Оманда толассыз жауған жауыннан 20 адам көз жұмды

Дубай халықаралық әуежайының жұмысы тоқтады

Нұрқанат Омарұлы
18/04/2024 - 11:16

Фото: Bloomberg

Фото: Bloomberg

Парсы шығанағы елдеріне дауылды нөсер жаңбыр құйды. Салдарынан көшелерді су басып, көлік қатынасы тоқтап қалды. Табиғи апаттан 20 адам көз жұмды, марқұмдардың басым көпшілігі Оманда тіркелді. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды. 

Біріккен Араб Әмірліктеріндегі әлем бойынша жолаушылар ең жиі қатынайтын Дубай халықаралық әуежайының жұмысы тоқтады.

Әуежайдағы перрондарды, бұрылыс және ұшу-қону жолақтарын су басып, жүздеген әуе рейсі тоқтатылды.

Жолаушыларға өз рейстерінің жағдайын үнемі тексеріп отыруға және қажет болмаған жағдайда халықаралық әуе рейстеріне қызмет көрсететін бірінші терминалға келмеу туралы кеңес берілді.

«Біріккен Араб Әмірліктерінде бұрын-соңды болмаған ауа райына байланысты Дубайдың халықаралық әуежайында (DXB) рейстер кешіктіріліп немесе тоқтатылып отыр. Dubai Airports өз авиакомпаниясынан рейстің ұшып кететіні туралы растау алмаса, жолаушыларға 1-терминалға бармауды ұсынады», - делінген әуежайдың басқарушы компаниясының хабарламасында.

FlightAware қызмет көрсету желісінің мәліметінше, сәрсенбі күні Дубай әуежайында 270-тен астам рейс тоқтатылды, тағы 370 рейс кешіктірілді.

Оманда БАӘ-дегідей, жауын-шашын аз болады. Оның орташа жылдық мөлшері елдің солтүстігінде 150-ден 300 мм-ге дейін ауытқиды.

Әлеуметтік желі пайдаланушылары Біріккен Араб Әмірліктерінің билігі соңғы 10 жыл бойы жүргізіп келе жатқан жасанды жаңбыр шақыру амалының салдарынан осындай апатқа тап болдық деген болжамдарын айтуда.

Алайда сарапшылардың пікірінше, жасанды жаңбыр шақыру тәсілінің әсері шамалы ғана болған, ал өңірде қатты жауын болатыны алдын ала болжанған.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91