Вилланы 2013 жылдың желтоқсанында 5,4 миллион еуроға сатып алған
Францияда Ресей президенті Владимир Путиннің бұрынғы әйелі Людмила Очеретнаямен байланысты «Ривери» вилласы арестке қойылды. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Challenges басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Басылым мәліметінше, вилла Путиннің бұрынғы әйелінің қазіргі күйеуі ресейлік Артур Очеретныйға тиесілі болған.
Вилла Биаррицке жақын жердегі Англеттеде орналасқан. Париж прокуратурасы бұған дейін де ол жерде тінту жүргізген.
Очеретныйдың вилласынан бөлек, Геннадий Тимченко, ағайынды Ротенбергтер және кәсіпкер Сергей Тони сияқты Кремльге жақын бірнеше олигархтың дүние-мүлкі назарда тұр.
Вилла Ривери 1930 жылы салынған. Бастапқыда ол оның демеушісі болған лондондық банкирдің жесірінің құрметіне «Сюзанна» вилласы деп аталды.
OCCRP (Ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлықты хабарлау жобасы) мәліметтері бойынша, 5000 шаршы метрді құрайтын мүлікті Артур Очеретный 2013 жылдың желтоқсанында 5,4 миллион еуроға сатып алған.