Оған қайта қаруландыру, кадрлық құрамды арттыру, сондай-ақ әскери күштің жасақтау жүйесін жетілдіру секілді тапсырмалар жүктелген еді
2014 жылы Қазақстанның қорғаныс министрі лауазымына Иманғали Тасмағамбетов тағайындалған. Ол әскери шені жоқ қорғаныс министрі атанған соңғы азамат болды. Бұл лауазымда екі жыл еңбек етті. Жаңа министрге қайта қаруландыру, кадрлық құрамды арттыру, сондай-ақ әскери күштің жасақтау жүйесін жетілдіру секілді тапсырмалар ор жүктелген еді. Sarbaz.kz ҚР Қорғаныс министрлері туралы материалдар циклін жалғастыруда.
2015 жылдың басынан бастап қорғаныс ведомствосы тұрақты жоспардан тыс тексерістерге ұшырай бастады. Мәселен, Жоғарғы Бас қолбасшының бұйрығы бойынша Қорғаныс министрі таң атысымен әскери бөлімдерді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтірді. Кенеттен тексерулер барысында олардың тиімділігі байқалып, бұл әдіс тұрақты қолданыла бастады. 2015 жылы қарулы күштерде 2208 оқу-жаттығу өткізілді. Салыстырмалы түрде алар болсақ, 2023 жылы оқу-жаттығу саны мыңнан сәл асса, 10 жыл бұрын, яғни 2014 жылы олардың саны 1807 болды.
Атыс көрсеткіштері 8%-ға, әуе кемелеріндегі ұшу сағаты – 4%-ға, кемедегі жауынгерлік оқу-жаттығуларды пысықтау – 12,1%-ға, далалық әскер түрлері – 32,2%-ға өсті. Барлық іс-шаралардың қорытындысы бойынша бір жыл ішінде әскерлердің жауынгерлік даярлық саны мен сапасы 7,2%-ға артты.
Тасмағамбетовтің кезінде Kazakhstan Paramount Engineering компаниясында құрастырылған «Арлан» брондалған машиналарын шығару қолға алынды. «Арлан» әскери көлігінің 50 данасы Иордания корольдігіне жеткізілді деген ақпарат та тарап еді, бірақ ешбір ресми мәлімдеме болмады.
2016 жылдың наурыз айында Қорғаныс министрі Қазақстанда тұңғыш оқ-дәрі шығаратын зауыттың құрылысын бастауға бұйрық берді. Бірақ құрылыс жұмысы екі жылға жоспарланғанымен, зауыт 5 жылдан кейін ғана дайын болып 2020 жылы іске қосылды. Зауыттың негізгі өнімдері – 9х18 мм, 9х19 мм калибрлі тапанша патрондары және 5,45х39 мм, 7,62х54 мм калибрлі винтовка оқтары.
Сонымен қатар, 2015 жылы ҚР әуе қорғанысы күштері 4++ Су-30СМ буынының жойғыш ұшақтарымен, сондай-ақ Ми-171Ш тікұшақтарымен толықты. Испаниядан С-295 ұшағының бесінші данасы жеткізілді.
Әскери-теңіз күштері «Алатау» миналық-тральдық кемесімен, сондай-ақ 0250 «Барыс» класының үшінші зымыран-артиллериялық катерімен толықтырылды.
2015 жылғы қазанда Бурабайда өткен ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің сессиясында ұйымға қатысушы мемлекеттердің 2020 жылға дейінгі әскери ынтымақтастық тұжырымдамасы қабылданды.
Қазақстан Президенті қол қойған бітімгершілік қызмет туралы заң ұлттық контингенттің халықаралық стандарттарға сәйкес бітімгершілік операцияларға қатысуын реттеудегі маңызды қадам болды. Құжатқа сәйкес, «Іле» оқу-жаттығу орталығының негізінде бітімгершілік операциялары оқу-жаттығу орталығы салынды.
Қорғаныс министрлігі 42 елмен әріптестік байланыс орнатты және ҰҚШҰ, ШЫҰ және НАТО аясындағы ынтымақтастықты нығайтып, көптеген халықаралық іс-шаралар өткізді.
Қазақстан Халықаралық армия ойындары, «Танк биатлоны» және «Авиадартс» сияқты түрлі іс-шараларға белсене қатысты.
Айта кетейік, 2016 жылғы 13 қыркүйекте Иманғали Тасмағамбетов Қорғаныс министрі қызметінен босатылып, премьер-министрдің орынбасары болып тағайындалды. Кейінірек, 2017 жылы ол Мәскеуде елші болып тағайындалды, ол жерде 2019 жылға дейін жұмыс істеді, содан кейін зейнетке шықты. Алайда, Тасмағамбетовтің әскери карьерасы 2023 жылы ҰҚШҰ бас хатшысы болып тағайындалған кезде жалғасты.