Ақмола облысының басым бөлігінде су деңгейінің ауытқуы жалғасуда
«Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының баспасөз хатшысы Алина Ысмағұлова қай өңірлерде тасқын қаупі сақталатынын айтты, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
«Атырау облысына Ақтөбе облысынан келіп құйылатын өзендерде су тасқынының шарықтау шегі өтті. Болжам бойынша, сәуірдің үшінші онкүндігінде, яғни, 28-29 сәуір аралығында Батыс Қазақстан облысынан тасқынның кезекті толқыны келеді. Шығыс Қазақстан облысында жазықтағы қардың еруіне, беткейден су жүруіне және сең жүруіне байланысты тасқынының алғашқы толқыны байқалып отыр. Ол сәуір айының ортасына дейін жалғасады. Батыс Қазақстандағы ішкі өзендердің көбінде тасқынның шарықтау шегі өтті. Ресей Федерациясының Орынбор қаласынан Орал қаласына судың келуіне байланысты Жайықта тасқынның шарықтау шегі 18-20 сәуір аралығында күтіледі», - деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Оның айтуынша, Есіл бассейніндегі тасқынның екінші кезеңі тоқсан би гидробекетінің тұсында 20 сәуірге дейін, Петропавл бекетінің тұсында 27 сәуірге дейін жалғасады.
«Қостанай облысындағы өзендердің көбінде тасқынның шарықтау кезеңі өтіп, су деңгейінің төмендеуі байқалады. Солтүстік Қазақстан облысындағы ішкі өзендердің көбінде тасқынның бірінші толқыны шарықтау шегінен өтті. Есіл өзеніне Ақмола облысынан қосылатын салалардың әсерінен тасқынының екінші толқыны басталды», - деді ол.
Ақмола облысының басым бөлігінде су деңгейінің ауытқуы жалғасуда. Кей жерлерде су деңгейінің қауіпті межеден асып, өзендер мен қар суы елді мекендерге, автожолдарға жайылып жатыр», - деді Алина Ысмағұлова.