Су басқан өңірлердегі қазіргі ахуал қандай?
Өңірлерде ауыз су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында. Су тасқыны басталғаннан бері су басқан аймақтардағы орталықтандырылған көздерден 7 616 ауыз су сынамасы алынды. Бұл туралы ҚР ДСМ ресми өкілі Әйгерім Оразалиева ОКҚ алаңында өткен брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Эвакопункттерде жіті ішек инфекциялары, «А» вирустық гепатиті жағдайлары тіркелген жоқ.
«Улану мен инфекциялық ауруларға жол бермеу үшін эпидемияға қарсы және профилактикалық іс-шаралар шеңберінде барлық өңірлерде санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары сумен жабдықтау көздерінің объектілеріне бақылауды күшейтті, санитариялық-химиялық және микробиологиялық көрсеткіштерге су сынамаларын іріктеу және зерттеу жүргізуде», - деді Әйгерім Оразалиева.
Су тасқынынан зардап шеккен облыстардағы медициналық ұйымдар штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Медициналық көмектің барлық түрлерінің қол жетімділігін қамтамасыз ету үшін жедел медициналық көмек қызметтерінің, стационарлардың қабылдау пункттерінің және емханалардың жұмысы күшейтілді. Арнайы мобильдік бригадалар құрылды, олар қажет болған жағдайда уақытша орналастыру пункттеріне барады.
Уақытша орналастыру пункттерінде 1 мыңнан астам медицина қызметкері, оның ішінде 244 дәрігер, сондай-ақ 80 психолог медициналық және медициналық-психологиялық тәулік бойы көмек көрсетуде.