Грузияда «шетелдік агенттер туралы заңға» наразылық жүріп жатыр
Грузия президенті Саломе Зурабишвили шетелдік агенттер туралы заңды желеу еткен елдегі оқиғаларға байланысты Франция президенті Эммануэль Макронға және Еурокеңестің басшысы Шарль Мишельге шұғыл түрде үндеу жасады. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі «Грузия-Онлайн» сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Зурабишвили бұл мәселе 17-18 сәуірде Брюссельде өтетін еуропалық кеңестің арнайы отырысында қаралады деп үміттенеді.
«Тбилисидегі «Ресей заңына» қарсы жаппай наразылықтың екінші түні – биліктің бұл заңды халықтың және серіктестердің наразылығына қарамастан жүзеге асыруға деген табанды ұмтылысы – Ресейдің тұрақсыздандыру стратегиясы», - деп жазды X желісіндегі парақшасында.
Парламенттің «шетелдік агенттер туралы заң» қабылдауына қарсы азаматтардың наразылығына түсініктеме бере отырып, Зурабишвили Грузия елді қайта советтік кезеңге қайтарумен ешқашан келіспейтінін мәлімдеді.
«Грузия арманы» парламенттік фракциясының жетекшісі Мамуки Мдинарадзенің айтуынша, заңның мақсаты – грузин халқына жүздеген миллион доллардың қалай жұмсалатынын түсіндіру.
«Мысалы, ҮЕҰ секторы саясатқа араласып, революцияларға қатысып, оларды шақырып, шіркеуге қарсы мәлімдемелер жасап, дәстүрлі емес өмір салтын насихаттап, сайлаудың заңдылығына күмән келтіретінін көріп отырмыз. Адамдар бұл поляризация мен радикализацияны кім қаржыландыратынын білуі тиіс», - деп мәлімдеді Мдинарадзе.