Еуропа Одағы Иранға санкцияларды күшейтеді

Еуроодақ Иранның Израильге шабуыл жасағанына алаңдаулы

Нұрқанат Омарұлы
17/04/2024 - 10:10

Фото: Euronews

Фото: Euronews

Еуропа Одағы Иранның Израильге шабуыл жасағанына байланысты санкцияларды күшейту мәселесін қарастырып отыр. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Euronews агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Еуроодақ Иранның Израильге шабуыл жасағанына алаңдаулы. Агенттік мәліметінше, Еуропа елдері Иран одақтастарының жаңа әуе шабуылдарын болдырмауды қалайды.

Брюссель өз санкцияларын сенбі күні Израильге шабуыл жасаған ирандық ұшқышсыз ұшақтар мен зымырандарды өндірушілерге қолдану мүмкіндігін қарастыруда. Бұл ЕО сыртқы істер министрлерінің сыртқы саясат және қауіпсіздік жөніндегі отырыста талқыланған басты мәселе болды.

Жозеп Боррель тіпті әлемнің «құрдымға кеткелі тұрғанына» алаңдаушылық білдірді:

«Таяу Шығысқа бүкіл аймақты, оның ішінде Газаның тұрғындарын да қамтитын кең ауқымды соғыстың қажеті жоқ. Өйткені, егер аймақтық шиеленіс қалыптасып, бүкіл аймақ соғыс жағдайында болса, онда сектордағы қақтығыс тоқтамайды. Газадағы адамдардың азабы арта түседі», - деді ол.

ЕО ирандық дрондарға қарсы шектеу шараларын қабылдады. Енді бұл шектеулерді ұшу радиусы үлкен ирандық зымырандарға тарату көзделіп отыр. Мақсат – өткен демалыс күндеріндегідей Ливан шекарасында, Йеменде немесе Иракта орналасқан Иран одақтастарының әуе шабуылдарын болдырмау.

Бірақ Бельгияның халықаралық қатынастар институтының қызметкері Эгмонт Свен Бископ санкцияларды кеңейту жағдайды жақсарта алмайды деп есептейді.

«Иранға қарсы қосымша санкциялар соншалықты әсер етпеуі мүмкін, себебі Трамп әкімшілігі онымен ядролық келісімді бұзғаннан бері бұл ел іс жүзінде шеттетілген. Ал Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін, Иран толығымен ресейлік лагерьде қалды. Осылайша, ел Батыстан соншалықты оқшауланып қалғандықтан, Иранға қатысты санкциялар әсері шамалы болмақ», - деді Бельгияның халықаралық қатынастар институтының қызметкері.

Ведомство мәліметінше, Ислам революциясы сақшылары корпусын лаңкестік ұйым деп жариялау әлдеқайда тиімді қадам болар еді. Бірақ Еуроодақ елдері арасындағы келіспеушілік салдарынан іске асыру мүмкін емес. ЕО Сыртқы істер министрлері дүйсенбі күні тағы да кездесіп, Тегеранға қарсы жаңа санкцияларды талқылайды.

×

Редакция

$ 498.34  519.72  4.85