«Ақмола облысындағы ең қауіпті аймақ»: Атбасар ауданының әкімі өңірдегі ахуал туралы айтты

Атбасар қаласында алдын ала болжам бойынша 160 үй су астында қалды

Нұрдәулет Кәкіш
15/04/2024 - 12:59

Фотода Атбасар қаласының шетіндегі саяжай

Фотода Атбасар қаласының шетіндегі саяжай

Астана іргесіндегі Атбасар қаласында 160 үй су астында қалды. Бұл туралы Атбасар ауданының әкімі Аманбек Қалжанов Sarbaz.kz тілшісіне берген пікірінде айтты.

Атбасар ауданына қарғын су 11 сәуір күні барған. Үйлері су астында қалған тұрғындар қауіпсіз аймаққа көшірілген. Оларға арналып, қаладағы №2 мектептің спорт залында төсек-орындар дайындалған. Алайда зардап шеккен отасылар ол жерде бір күн түнегеннен кейін туыстарының үйлеріне кетіп қалған. Осы мектептің асханасында кәсіпкер Сатаф Мұсабаеваның ұйымдастыруымен күнделікті 40 адам тегін тамақтандырылады екен.

Жергілікті биліктің мәліметінше, Атбасар қаласында алдын ала болжам бойынша 160 үй су астында қалған. Атбасар ауданының әкімі  Аманбек Қалжанов бұл ауданның Ақмола облысындағы ең қауіпті аймақтардың бірі екенін айтады.

Фото: aikyn.kz

«Атбасар ауданы облыстағы ең қауіпті аймақтың бірі болып саналады. Мұндай қызыл су қаупі ауданға жыл сайын төнеді. Соңғы 15 жылда мұндай табиғи апат үшінші рет қайталанып отыр. Алғаш рет 2014 жылы болған еді. Онда қаладағы 336 үй су астында қалған. Одан кейін 2017 жылдың көктемінде тасқын тағы қайталанып, 636 үйді су басып қалды. Жалпы, 800 отбасыға үй берілді. Биыл алдын ала болжам бойынша 160 үй су астында қалды. Зардап шеккен отбасыларға әзірге бір жолғы қаржылай көмек көрсетіледі. Үйлерінің жағдайын комиссия тексереді. Тұруға жарамды болса, күрделі жөндеу жүргізіледі. Егер жарамсыз болса, жаңадан салынып жатқан тұрғын үйден пәтер беріледі», - деді Аманбек Қалжанов.

Оның айтуынша, биылғы су тасқыны туралы алдын ала белгілі болған. Алайда не себепті үйлердің су астында қалғанын әкім былай деп түсіндірді.

«Былтырғы қарашада бір апта бойы жаңбыр дауып, күн күрт суытқанда жердің төменгі қабатына 1,5 метрге дейін тоң қатты. Оның үстіне, биыл қар былтырғыға қарағанда едәуір қалың жауды. Қанша дайындық жүргізсек те, көктемде еріген қар суы бөгеттердің кейбір тұсын бұзып өтті. №1 мектептің қоршауынан асып кетті. Қазіргі уақытта мамандар бұл мектептің айналасындағы суды сору жұмыстарын жүргізіп жатыр. Соған қарамастан сабақ тоқтатылған жоқ, оқушыларға сабақтар уақытша қаладағы училищеде жүргізіліп жатыр», - деді Атбасар ауданының әкімі.

Атбасарда қазіргі уақытта су деңгейі төмендеген. Еліміздің әр аймағынан гуманитарлық көмек жеткізіліп жатқанын айтады волонтерлер. 

×

Редакция

$ 498.34  519.72  4.85