Азаматтық авиация комитеті кейбір елдердің әуе кеңістігін пайдалануды шектеуге қатысты ескерту жасады
Иран, Ирак, Иордания, Ливан, Израиль, Египет, Сириядағы күрделі саяси жағдайына байланысты Қазақстанның авиациялық әкімшілігі ағымдағы жағдайға төнген қауіп дәрежесіне бағалау жүргізді, оның қорытындысы бойынша қазақстандық әуе компанияларына осы елдердің әуе кеңістігін пайдалану ұсынылмайды, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Қазіргі уақытта қазақстандық әуе компаниялары жоғарыда аталған елдердің әуе кеңістігін айналып өту мақсатында рейстер кестесін қайта қарауда. Әуе компаниялары қазіргі жағдайды мұқият қадағалауда және қажет болған жағдайда кестелеріне өзгерістер енгізеді, – деп мәлімдеді Азаматтық авиация комитеті.
Эйр Астана әуекомпаниясының Астана-Дубай бағыты бойынша КС - 205 және Алматы-Дубай бағыты бойынша КС - 897 рейстері бүгін Астана қ.уақыты бойынша сағат 15-00-де ұшуға жоспарланған.
Qatar Airways әуекомпаниясының Доха-Алматы-Доха бағыты бойынша биылғы 13 және 14 сәуірде орындалуы жоспарланған QR - 389/390 QR - 391/392 рейстері қазіргі уақытта белгісіз уақытқа дейін кешіктірілді.
Қазіргі уақытта әуе компания рейстерді орындау бағытын өзгерту мәселесін қарастыруда. Жолаушыларға қолданыстағы заңнамада көзделген қызметтер көрсетілуде.
Жолаушылар рейстердің мәртебесін ресми сайттарда немесе әуе компаниялардың байланыс орталықтары арқылы бақылауы қажет. Жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету азаматтық авиация саласының басты басымдығы болып саналады, – деп түсіндірді комитет.