Ол банктен 12,5 миллиард доллар алып кеткен
Вьетнамда Хошимин қаласының соты 67 жастағы вьетнамдық іскер әйел Чыонг Ми Ланды елдегі ең ірі банктердің бірін тонап кеткені үшін өлім жазасына кесті. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі BBC агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Van Thinh Phat ірі компаниясының басшысы Чыонг Ми Лан Вьетнамда қаржылық қылмыс жасағаны үшін өлім жазасына кесілген санаулы әйелдердің бірі. Бірақ бұл алаяқтықтың ауқымы да бұрын-соңды болмаған. Saigon Commercial Bank коммерциялық банкінен 304 триллион донг (шамамен 12,5 миллиард доллар) несие алғаны үшін кінәлі деп танылды.
Алайда оның әрекетінен келтірілген жалпы шығын 27 миллиард долларға бағаланып отыр және сот үкімі оны дәл осы соманы қайтаруға міндеттейді, дегенмен айыптаушы тарап бұл мүмкін емес деп есептейді.
Сот Чыонгқа қысым көрсетіп, ұрланған мүліктің бір бөлігін қайтаруға мәжбүрлеу үшін дәл өлім жазасына кескен деген де пікір бар.
Чыонг Ми Лан кінәсін мойындаған жоқ және кінәні қарамағындағыларға жүктеді. Туыстарының бірі Reuters агенттігіне сот үкіміне шағымдануды жоспарлап отырғанын айтты.
Вьетнамдық БАҚ бұл процесті егжей-тегжейлі сипаттады. Айтуларынша, айғақ беруге 2700 адам шақырылып, іске 10 мемлекеттік айыптаушы мен 200-ге жуық адвокат қатысқан.
Айыптау материалдары жалпы салмағы 6 тонна болатын 104 жәшікке сыйды. Чыонг Ми Ланмен бірге тағы 85 адам жауапқа тартылып, үкімін күтіп отыр.