Министр: Еліміздің 12 өңірінде «Абай мектептері» ашылды

2027 жылға дейін барлық өңірде «Абай мектептері» ашылмақ

Sarbaz.kz редакторы
11/08/2023 - 18:31

Фото ашық дереккөзден

Фото ашық дереккөзден

Қазақстанның 12 өңірінде «Абай мектептері» желісі құрылды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Facebook-парақшасында жазды, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

Министрдің сөзінше, Абай мектептерінде «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті» және «Абайтану» пәндері бойынша тереңдетілген оқу бағдарламасы бекітілген.

Хәкім Абай Құнанбайұлының туған күніне орай министр еліміздің әр түкпірінде оқушылар мен ұстаздардың қатысуымен түрлі шаралар өткізіліп жатқанын және «Абай оқулары» байқауының өз мәресіне жеткенін сөз етті.

«Ұлы ойшылдың бізге қалдырған асыл мұрасы отаншыл, адал, парасатты, білімді, білікті ұрпақ тәрбиелеудің негізі деп айтсақ артық емес. Мемлекет басшысының гуманитарлық бағыттағы Абай мектептерін ашу туралы тапсырмасына сәйкес, еліміздің 12 өңірінде «Абай мектептері» желісі құрылған болатын», - деді Ғани Бейсембаев.

Оқу-ағарту министрінің мәліметінше, аталған білім ошақтарында қазақ тілі мен әдебиеті тереңдете оқытылып, бәсекеге қабілетті, елдің дамуына үлес қосатын елжанды тұлғалар тәрбиеленуде.

«Алматыдағы Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты осы мектептердің орталық базасы болып белгіленіп, оқу-әдістемелік кешен даярлау, тәжірибе тарату жұмыстары жүзеге асырылуда», - деді министр.

Айта кетсек, «Аmanat» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы шеңберінде 2027 жылға дейін барлық өңірде «Абай мектептері» ашылмақ.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91