Зеленский Украинаның АҚШ-тан несиеге қару алуға дайын екенін айтты

Киев Ресейге қарсы тұруға көмектесетін кез келген ұсынысты қабылдауға дайын

Sarbaz.kz редакторы
08/04/2024 - 12:46

Фото: Bild

Фото: Bild

Украина президенті Киевтің АҚШ-тан әскери қолдау көрсетудің кез келген нұсқасын, оның ішінде несиеге қару сатып алуды қабылдауға дайын екенін айтты. Америка Құрама Штаттары Украинаның ең маңызды одақтасы болып қала береді, бірақ демократтар мен республикашылдар арасындағы ішкі саяси дауға байланысты қазір қару-жарақ көмегі тоқтап тұр. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Bild агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Зеленскийдің айтуынша, Украинаның қазір басқа таңдауы жоқ, сондықтан Киев Ресейге қарсы тұруға көмектесетін кез келген ұсынысты қабылдауға дайын.

Бұл ретте Украина президенті әуе кеңістігін ресейлік зымыран мен ұшқышсыз ұшақтардан қорғау үшін елге жалпы саны 25 «Патриот» әуе қорғаныс жүйесі қажет екенін айтты.

«Біздің барлық серіктесіміз мұны жақсы біледі, тіпті сәйкес жүйелерді орналастыру керек орындардан да хабардар», - деді Зеленский.

Ол сондай-ақ Ресей әуе шабуылдарын күшейтетін болса, Украина оқ-дәрі тапшылығына тап болатынын атап өтті.

«Егер олар (Ресей әскерлері) өткен айдағыдай соққы беруді жалғастырса, бізде зымырандар таусылуы мүмкін, мұны серіктестеріміз де біледі», - деп қосты Зеленский.

Бұған қоса, Украина басшысы Ресейдің ықтимал шабуылы кезінде Харьковты басып алу қаупі жоқ екенін айтты.

Сондай-ақ оқыңыз

×

Редакция

$ 498.51  522.84  4.81