Әуежайдан қашып кеткен: Оңтүстік Кореяда істі болған екі қазақстандық сотталмайтын болды

Олар үш жылға сотталуы мүмкін еді

Sarbaz.kz редакторы
10/08/2023 - 22:36

Оңтүстік Кореяда істі болған Қазақстанның екі азаматы сотталмайтын болды. Бұл туралы заңгер Мейірман Шекеев Instagram парақшасында мәлім етті, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

Еске сала кетейік, 25 наурыз күні екі отандасымыз Инчхон ауежайындағы биіктігі 4 метрге жуық қоршаудан өтіп, қашып кеткен болатын. Көп ұзамай олардың бірі Таджона қаласында қолға түсті, екіншісі 3 күннен кейін ез еркімен полицияға берілген еді. Екеуі де өз ісін мойындап, отбасын асырау үшін жұмыс істеуге келгендерін айтқан. Оңтүстік Корея полициясы оларды шекараны заңсыз кесіп өтіп, кашып кетті деп айыптаған.

Оңтүстік Кореяда депортациядан жасырынған екі қазақстандық елдің қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша сотталатыны туралы ақпараттар жарияланған.

ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров осы іске қатысты мәлімдеме жасаған болатын.

«Қазіргі уақытта екеуі де Инчхон қаласының көші-қон орталығында, тергеу изоляторында. Оңтүстік Кореяның заңнамасына сәйкес, тергеу шаралары үш айға дейін созылуы мүмкін, содан кейін іс прокуратураға жіберіледі. Осыған байланысты Оңтүстік Кореяның құзыретті органдары тергеу мүддесі үшін істің егжей-тегжейін ашпайды», – деген еді Смадияров.

Осы мәселеге қатысты адвокат Мейірман Шекеев істің қазақстандықтардың пайдасына шешілгенін мәлім етті.

«Алақаааай. Бұл Қазақстанның халықаралық тағы бір беделді жеңісі. Енді Кореядағы екі жігіт 3 жылға түрмеге тоғытталмай, айыппұл төлеп, елге қайтатын болды. Барлық мақтау, мадақтау Аллаға тән. Мен тек себепшімін. Кешелі бері дұғада болып, тілекші болып жатқан баршаңызға мың алғыс.

Арнайы осы мәселені алғашқы болып көтерген «Көреміз» бағдарламасына, оның ішінде әрдайым мені ұмытпайтын Руслан Өтеппай бауырыма, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне, соның ішінде КР Кореядағы консулдары Аслан, Бауыржан бауырларыма бәріңе, бәріңе мың алғыс. Айтар, жазар нәрселер өте көп. Бірақ әлі бітіретін шаруалар жетіп жатыр. Алла қаласа амандықта жүздесейік», - деп заңгер Instagram парақшасында жазды.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі таратқан хабарламада екі азаматтың Оңтүстік Кореяға 24 наурызда Ташкент қаласынан «Koreana» әуе компаниясының рейсімен ұшып барғаны, алайда олардың корей еліне кіруіне рұқсат берілмегені айтылған.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91