Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қатарынан 1 мыңнан астам сарбаз запасқа шықты

Десанттық-шабуылдау әскерлерінде запасқа шығарылған әскери қызметшілерге құрмет көрсетілді

Админ
06/04/2024 - 10:35

Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Алматы, Қонаев және Жетісу гарнизондарында орналасқан құрамалар мен әскери бөлімдерде мерзімді қызметтегі сарбаздардың Жауынгерлік тумен қоштасу рәсімі салтанатты түрде өтті, деп хабарлайды Sarbaz.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Алмаз Жұмакеев 32363 әскери бөліміне барып, запасқа шығарылған әскери қызметшілерге арнап сөз сөйледі.

35-ші гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасы – Қазақстанның Десанттық-шабуылдау әскерлерінің бесігі. Дәл осы жерді әскерлер дәстүрінің негізі қаланды, десантшылардың жауынгерлік рухы қалыптасты. Бір кездері осы жерде қызмет етіп, одан елеулі тәжірибе жинағанымды мақтан тұтамын. Мұнда үйренген дағдыларың сендерге пайдалы боларына сенімдімін, ендігі жерде өздеріңді десантшылармыз деп толық айта аласыңдар, – деп атап өтті генерал-майор Алмаз Жұмакеев.

Әскери борышын өтеп жүрген кезеңде десантшылар парашютпен орта есеппен 4-тен 6-ға дейін секіруді орындады, жаяу және автомобиль техникасымен көп шақырымдық марштарға, жаттығуларға, далалық жорықтарға шықты, спартакиадаларға және жекпе-жектің әр түрінен жарыстарға қатысады.

Дәстүр бойынша әскери даңқ символымен қоштасу рәсімін жасау құқығы үздіктердің үздігіне бұйырады. 32363 әскери бөлімінде Шымкенттен әскерге келген гвардия кіші сержанты Алтай Әбдіхан тізе бүгіп, Жауынгерлік туды сүйді.

Запасқа шығарылғандардың ата-аналарына алғыс хаттар, естелік фотоальбомдар және қызмет туралы бейнежазбалары бар дискілер табысталды. Үйге қайтып бара жатқан сарбаздар көк береттерін аспанға лақтырып, соңғы рет сап түзеп алаңда жүріп өтті.

Гвардия кіші сержанты Бердібек Абдулла гвардия полковнигі Бейбіт Аманғалиевтің басшылығымен Қонаев қаласының 35-ші десанттық-шабуылдау бригадасында әскери борышын өтеді. Ол ел Президенті – Қарулы күштердің Жоғарғы қолбасшысы бақылаған «Батыл тойтарыс-2023» стратегиялық командалық-штабтық жаттығуына қатысқан сәтінің ең жарқын әсер қалдырғанын айтады. 

Әскерде борышымды өтеу оңай болды деп айта алмаймын. Өзіңді жеңу, күнделікті шынығу, ұялы телефонсыз және әлеуметтік желілерсіз өмір сүруге үйрену қиын болды. Күнделікті спортпен шұғылдану дене бітімімді айтарлықтай жақсартты. Егер мен армияға дейін 12-13 рет белтемірге тартыла алсам, қазір оп-оңай 20-дан асыра алам, – деді әскери қызметші.

Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қатарынан барлығы 1100-ден астам мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер запасқа шығарылды, олардың 130-дан астамы келісімшарт бойынша әскери қызметті жалғастырамыз дейді. 

Жоғары білімі жоқ сарбаздар «Срочники 2.0» бағдарламасы бойынша сертификаттар алды, бұл оларға ұлттық бірыңғай тестілеусіз елдің жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік береді. Ал олардың ең үздіктері грантқа ие болып, тегін білім ала алады.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91