Талғат Бигелдиновтің туғанына 101 жыл: әскери қызметшілер 10,1 шақырым жүгіреді

Соғыс жылдарында ол Ил-2 ұшағымен аса күрделі және жауапты тапсырмаларды орындаған

Sarbaz.kz редакторы
10/08/2023 - 20:33

«Астана» триатлон паркінде екі мәрте Кеңес Одағының Батыры авиация генерал-майоры Талғат Бигелдиновтың туғанына 101 жыл толуына арналған жарыс өтеді, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан және елорда әкімдігі «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігінің спорттық іс-шара өткізу жөніндегі бастамасын қолдады.

«Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған жалғыз қазақ Талғат Бигелдинов көзі тірісінде-ақ аңызға айналған. Батырдың аспандағы ерліктері ақиқаттан алыс секілді көрінгенмен, жаудың күйреу көрсеткіштері мен әріптестерінің айғақтары бұның шындық екенін растады. Ол жайлы естелік жадымызда сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жетуі тиіс. Біз «101 жыл – 10,1 км» жарысы қазақстандықтар үшін жақсы месседж боларына сенеміз және шараға белсене қатысады деп ойлаймын», – деп ұйымдастырушылар тарапы жарысқа тек кәсіпқойларды ғана емес, жүгіруді жақсы көретіндерді де шақырғанын аңдатпада атап өткен.

Салтанатты ашылу рәсімі Қарулы күштер әскери қызметшілерінің, ҰҚК Шекара қызметінің және Ұлттық ұланның салтанатты сап түзеуімен басталады. 

Жиын барысында Қорғаныс министрлігінің әскери ансамбльдері, Ұлттық ұлан, елорданың шығармашылық ұжымдары және құрмет қарауыл ротасының дефилесі өнер көрсетеді. Сонымен қатар жәрмеңке де ұйымдастырылады.

Талғат Жақыпбекұлы Бигелдинов жауынгерлік жолын қатардағы ұшқыш болып бастап, соғысты гвардиялық авиаполк эскадрильясының командирі ретінде аяқтағанын атап өтелік. Соғыс жылдарында ол шабуылдаушы Ил-2 ұшағымен аса күрделі және жауапты тапсырмаларды орындады. Бірнеше мәрте ажал апанынан аман шығып, жарақат алған. Алайда осының бәрінен оны сақтаған табандылығы мен жеңіске деген құлшынысы болатын.

Жеңіс жолында өз өмірін талай рет қатерге тіккен Талғат Бигелдиновтің ерліктері Қазақстан тарихында мәңгілік қалары анық. Атақты ұшқыштың құрметіне арнап осындай шара өткізу Ұлы Отан соғысының батырларын жадымызда жаңғыртып, ұрпаққа үлгі-өнеге етудің ажырамас байланысын айғақтаса керек.

×

Редакция

$ 478.93  534.96  5.16