«Ресей Украинаға соғыс ашқаннан кейінгі шығынын қалпына келтірді» – АҚШ мемхатшысының орынбасары

2022 жылдан бастап Мәскеу қорғаныс саласындағы шығынын күрт арттырды

Sarbaz.kz редакторы
05/04/2024 - 16:45

Фото: welt.de

Фото: welt.de

Ресей Украинаға соғыс ашқаннан кейін ұшыраған үлкен шығынын қалпына келтірді, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі Defense News басылымына сілтеме жасап.

«Соңғы екі айдың ішінде біз Ресей өзінің әскери әлеуетін толықтай дерлік қалпына келтірді деген қорытындыға келдік», - деді АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Курт Кэмпбелл.

Кэмпбеллдің бұл пікірі Пентагон мен Американың Еуропадағы одақтастарының болжамымен сәйкес келмеуі мүмкін.

Өткен айдың соңында Украинаны қолдайтын елдердің кездесуінде АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остин Ресей соғыс кезінде 315 мыңнан астам адамынан айырылғанын айтты. Американың көмегі азайып, Украинаның жағдайы қиындағаннан кейін Ресей күштері алға ұмтылды. Бірақ олар да айтарлықтай шығынға ұшырады, дейді Пентагон.

Ал Литва Ұлттық қауіпсіздік комитетінің есептеуінше, Ресейдің толық ауқымды соғыс ашуы үшін қалпына келуіне бес-жеті жыл қажет.

Алайда, 2022 жылдан бастап Мәскеу қорғаныс саласындағы шығынын күрт арттырды – 2024 жылғы ұлттық ЖІӨ-нің 6% дейін. Бұл Кремльдің экономиканы, әсіресе қорғаныс өнеркәсібін соғыс уақытына ауыстыруға бағытталған кең ауқымды әрекетінің бір бөлігі.

Қытайдың, сондай-ақ Солтүстік Корея мен Иранның қолдауы да Ресей әскерінің қалпына келуіне септігін тигізетіні атап өтілді.

«Қытай соңғы екі жылда Ресейдің экономикалық және әскери қиындықтардан аман өтуіне көмектесті. Осылайша Украинамен соғыс басталғаннан кейін еуропалық серіктестермен тоқтатылған саудадан болған шығынның орнын толтырды», - деді Кэмпбелл.

Ақ үйдің хабарлауынша, президент Джо Байден Қытай басшысы Си Цзиньпинмен сөйлескен кезде осы мәселені көтерді.

Мәскеудің жетістігі Киев үкіметіне қысымды күшейтті. Украина майдан шебіндегі жеңілістерге байланысты әскерге шақыру жасын 27-ден 25-ке дейін төмендетті.

Украина Конгресте тоқтап қалған америкалық көмектің үлкен бөлігінен әлі де үміттеніп отыр. Бұл көмек Украинаға қарулы күштерін майдан шебінде және бүкіл елде оқ-дәрілер мен әуе қорғанысын қамтамасыз ету үшін қажет. Алайда бұл Украина әскерінің жеңіліс алдында тұр дегенді білдірмейді, деді Штаб бастықтарының біріккен комитетінің төрағасы К.Браун.

«Қосымша қаражатсыз украиналықтардың өмірі қиындай түсе ме? Әлбетте», - деп жауап берді Браун.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91