Адамдарды құтқару операцияларында ұшқыштар өте күрделі маневрлер жасауға мәжбүр болды
Әскери ұшқыштар Sarbaz.kz тілшісіне Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында әуе арқылы ғана жетуге болатын бірқатар елдімекеннен адамдарды қалай құтқарғандарын айтты.
27 наурызда Қоржын ауылында (БҚО) қатты су тасқыны болғандығы туралы ақпарат түсті. Тұрғындар бұл кезде мектепті паналаған. Бұл туралы естіген бойда Ми-8 МТ екі тікұшақ Қоржын ауылынан 25 км қашықтықта орналасқан Қаратөбе елдімекеніне қарай ұшып шығады. Онда қажетті құрал-жабдықтар мен гуманитарлық көмекті бортқа тиеп алып, құтқарушылар Қоржынға аттанғанын айтты Әуе қорғанысы күштері Әскери институтының аға ұшқыш-нұсқаушысы, майор Рүстем Жайлыбаев.
«Біз ол жаққа ұшқан кезде ауылдың толығымен су астында қалғанын көрдік. Осыған байланысты отырғызу орнын табу өте қиын болды. Сонымен қатар электр желілері мен тұман басып, күн бұлтты болып, ауа райының қолайсыздығы үлкен қауіп төндірді. Бірақ осыған қарамастан, біз қонатын орынды таптық», - деді Рүстем Жайлыбаев.
Қонған кезде құтқарушылар заттарды түсіруге кіріседі. Содан кейін қайықтармен адамдарды эвакуациялап, мектептен қауіпсіз жаққа жеткізді. Адамдарды 10 адамнан тұратын шағын топтар құтқарды. Бірінші кезекте әйелдер, қарттар мен балалар эвакуацияланды. Әрі қарай, 25 адамнан тұратын топтарда тікұшақтар адамдарды Қаратөбе елдімекеніне жеткізді. Онда оларға медициналық көмек көрсетілді. Барлығы екі тікұшақ екі жүзден астам адамды эвакуациялады.
Ауылда негізінен үйлері мен малдарын тастағысы келмейтін ер адамдар қалды. Оларға гуманитарлық көмек, азық-түлік және жылы киім әуе арқылы жеткізілді. Келесі күні электриктер мен газшылар келді.
«Осындай ауқымды табиғи апат адамдарды баспана мен азық-түліктен айырғанын көру өте қиын екен. Бұл ауыл үлкен қалалардан шалғайда орналасқан. Сондықтан су тасқыны салдарынан зардап шеккен үйлері мен малдары олар үшін ең құнды мүлік еді. Біз ол жерге жеткенде су біртіндеп бәсеңсігендей болды. Бірақ соның өзінде судың тереңдігі тізеден келді, кейбір жерлерде тіпті су деңгейі құтқарушылардың тамағына дейін жетті», - деді ұшқыш Рүстем Жайлыбаев.
Қоржын ауылында ұшқыштар жұмыстарын дамылсыз екі күн бойы жалғастырды. 29 наурыз күні кешкісін олар үйлеріне қайтуы керек болатын. Бірақ бұл уақытта Ақтөбе облысындағы Берсиев елдімекенінің тұрғындарын құтқару қажеттігі туындады. Онда көмек күткен 500 адам мектепті паналап отырған.
Фото: Ақтөбе өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі
Бұл жолы экипаждар тікұшақтарды елдімекеннен шығатын жолдың құрғақ учаскесіне қондырып, гуманитарлық жүк пен құтқарушыларды сол жерден түсірген. Олар адамдарды қайықпен тасымалдап, әрі қарай оларды ұшқыштар ТЖ болған жерден 15-20 км қашықтықта орналасқан Ойыл елдімекеніне жеткізді. Тұрғындарды эвакуациялаған тікұшақтар Ойыл ауылының жергілікті спорт мектебінің жанындағы футбол алаңына қонды. Онда адамдар ыстық тамақ ішіп, демалуға болатын арнайы пункттер ұйымдастырылған. Майор Рүстем Жайлыбаевтың тікұшақ экипажы 150 адамды эвакуациялады.
«Берсиевте бес тікұшақ жұмыс істеді, олар кезек-кезек (екі-үш тікұшақ) апат аймағына ұшты. Сонымен қатар Қобда және Ырғыз аудандарындағы елдімекендер су астында қалғаны туралы хабарлар келіп түсті. Тіпті командалар тікелей әуеде берілген кездер болды. Команда алғаннан кейін тікұшақтар зардап шеккен аудандарға бет алды», - деді ол.
Шалғайдағы шаруа қожалықтарының біріне ұшып бара жатқан ұшқыштар төрт күн бойы суықта көмек күткен төрт адамды көреді. ТЖМ мамандары арнайы тросспен адамдарды бортқа көтеріп алған. Айналаның бәрі су болғандықтан, адамдар бортқа көтерілгенше тікұшақ әуеде 20 метр биіктікте қалыптап тұрған. Содан кейін экипаж трактордың төбесінде үш адам көмек күткен екінші шаруа қожалығына ұшты.
«Су тасқынының ауқымдылығын әуеден анық көруге болады. Құдды бір әсерлі сурет сияқты көрінді. Су көз ұшына дейін жалғасып, кеңістіктің бәрін алып жатқан теңіз сияқты көрінді. Осы шексіз теңіздің ортасында кенеттен арал, яғни ауыл пайда болады. Әуеден табиғи апаттың ауқымы соншалықты, құдды бір Арал немесе Каспий теңізінің үстінен ұшып бара жатқан сияқты әсер қалдырды. БҚО-да ұшқыштар 30-40 км радиуста ұшып жүрді. Олар бұл «теңіздің» шетін көрмеді. Қоржын кентінде су бүкіл үйлерді жауып кетті», - деп әсерімен бөлісті авиациялық эскадрилья командирінің орынбасары, Әуе қорғанысы күштері Әскери институтының оқу-авиациялық орталығының авиациялық эскадрилья штабының бастығы, майор Бейбарыс Ибраев.
Фото: Ақтөбе өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі
Барлық кеңістікті су басқан шалғайдағы фермалардағы адамдарды құтқару операцияларында құтқарушылар зардап шеккендерге тікұшақ бортына көтерілуге көмектесу үшін ұшқыштар судан 1-2 метр биіктікте қалқып тұру сияқты өте күрделі маневрлерді орындауға мәжбүр болды.
Майор Бейбарыс Ибраев ұшқыштарды даярлау бағдарламасында су үстіндегі маневрлерді орындау болғанымен, олар бұл жаттығуды негізінен құрлықта жүргізеді. Шындығында, судың үстінде және құрлықтың үстінде қалқып тұрудың айырмашылығы мүлдем басқаша екені белгілі болды. Су үстіндегі маневрлерді орындау кезінде ешқандай нұсқаулық жоқ. Сонымен қатар ұшқыш айналмалы машинаны су бетінен ұстап тұру үшін өзінің шеберлігін көрсетуі керек болды.
Кейіпкеріміз осы жолғы су тасқыны оның табиғи апат туралы түсінігін мүлде басқаша қалыптастырғанын атап өтті. Мысалы, Қоржын ауылындағы қарттар мұндай көлемдегі су тасқыны 65 жыл болмағанын еске алады. 10 минуттың ішінде ауыл толығымен су астына кеткен. Жүзден астам үйдің ішінде тек 25 тұрғын үй қалған.
Бірнеше күннің ішінде Бейбарыс Ибраев зардап шеккен аудандарға ондаған рейс жасап, адамдарды эвакуациялап, қарапайым қазақстандықтар да жинаған гуманитарлық көмек жеткізді.
Әскери ұшқыштар әлі күнге дейін су тасқынынан зардап шеккен аймақтарда жұмыс істеп, гуманитарлық көмек жеткізіп, аймақты бақылауды жүзеге асыруда.