Ақ үй жарияланған қадамдарды құптап, дереу орындауға шақырды
World Central Kitchen (WCK) қайырымдылық ұйымының қызметкерлері мінген жүк көліктерінің кортежіне жасаған шабуылынан және АҚШ президенті Джо Байденмен әңгімелескеннен кейін көп ұзамай Израильдің әскери кабинеті Газа секторындағы гуманитарлық жағдайды жақсарту үшін тез арада шаралар қабылдау туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі DW агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Атап айтқанда, Израиль гуманитарлық жүктерді жеткізу үшін Ашдод портын уақытша ашпақшы және қақтығыс басталғаннан бері алғаш рет Газа секторының солтүстігіндегі «Эрез» бақылау-өткізу пунктін ашпақ. Сонымен қатар, Керем Шалом өткелі арқылы Газа секторына Иорданиядан келетін көмек көлемін арттыру жоспарланып отыр.
«Көмек көлемін ұлғайту гуманитарлық дағдарыстың алдын алады», - деп жазады The Times of Israel басылымы Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху кеңсесіне сілтеме жасап.
Өз кезегінде Ақ үй жарияланған қадамдарды құптап, дереу орындауға шақырды.
«Біз президент Джо Байденнің премьер-министр Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлескеннен кейін Израиль үкіметінің жариялаған қадамдарын құптаймыз. Бұл қадамдар, соның ішінде Газаға көмек көрсету үшін Ашдод портын, Газа секторының солтүстігіне көмек жеткізудің жаңа бағыты үшін «Эрез» өткелінің ашылуы және Иорданиядан Газа секторына тікелей жеткізілімдердің айтарлықтай артуы енді толығымен және жылдам орындалуы керек», - деді АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің ресми өкілі Эдриенн Уотсон.