«Бәрі дұрыс болады»: Президент эвакуацияланған тұрғындармен кездесті

Мемлекет басшысы БҚО Қаратөбе ауданындағы эвакуациялық пунктке барды

Sarbaz.kz редакторы
04/04/2024 - 15:34

Фото: Ақорда

Фото: Ақорда

Президент су басқан аумақтарды тікұшақпен аралап шыққаннан кейін аудан орталығындағы Қажым Жұмалиев атындағы мектеп-гимназия базасында орналасқан эвакуациялық пунктке барды. Бұл туралы Sarbaz.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Мемлекет басшысы гуманитарлық көмекті тарататын пунктің жұмысымен танысып, су тасқынына байланысты жақын маңдағы ауылдардан көшірілген тұрғындармен кездесті.

Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғындармен әңгімелесу барысында мұндай көлемдегі тасқынның бұрын-соңды болмағанына назар аударды. Оның айтуынша, осыған ұқсас жағдай 1994 жылы болған. Бірақ биылғы тасқын одан да асып түсті.

Президент шығындарды өтеу үшін мемлекет барлық қажетті шараны қабылдайтынын айтты.

– Хал-жағдайларыңызды білу үшін арнайы келіп отырмын. Бұл – бұрын-соңды болмаған үлкен табиғи апат. Сондықтан бәріміз бір ел, бір халық болып әрекет етуіміз керек. Мемлекет, Үкімет баршаңызға қол ұшын береді. Материалдық, қаржылық көмек көрсетеді. Оған еш алаңдамаңыздар. Бәрі дұрыс болады, – деді Президент.

Кездесуде жергілікті тұрғындар Жақсыбай және Қалдығайты өзендеріне көпір салып беруді, сондай-ақ ауыл маңындағы бөгеттерді жаңғыртуды сұрады.

Мемлекет басшысы аталған мәселе бойынша Үкіметке тиісті тапсырма беретінін жеткізді. Сонымен қатар қарғын суды халықтың игілігіне пайдалану қажет екенін атап өтті.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан президенті лауазымына сайланғаннан бері төтенше жағдай орындарына барып, эвакуацияланған тұрғындармен кездесу өткізеді.

2019 жылы Арыста болған жарылыста Түркістан облысына арнайы барып, әскери бөлімшедегі оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан зардап шеккен қала тұрғындарымен кездесті.

2022 жылы Алматыда қаңтар оқиғасында қаза болған полицейлердің отбасыларымен кездесті.

2022 жылы Қостанай облысында орман өртінен зардап шеккен азаматтармен кездесті.

2023 жылы Абай облысындағы өрттен қаза тапқан орманшылардың отбасымен кездесті.

×

Редакция

$ 498.34  519.72  4.85