Сондай-ақ, 11 бизнес субъектісінің құқы қорғалды
ШҚО прокурорлары мектеп асханаларында аз қамтылған отбасылардан шыққан 9,5 мың баланың құқықтарын қорғады. Бұл туралы Sarbaz.kz облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Облыс прокуратурасы аз қамтылған отбасылардан шыққан 9 501 баланың, сондай-ақ 11 бизнес субъектісінің құқықтарын қорғады.
Талдау барысында мектеп асханаларында халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын (әлеуметтік көмек алатын, жетім, толық емес отбасылардан шыққан, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және т.б.) және мемлекет есебінен тамақтанатын оқушылардың тамақтану нормалары (11-18 жас аралығындағы оқушылар 7-10 жастағы балалардың нормаларымен тамақтандырылған) заңсыз төмендетілгені анықталды.
Мысалы, 11-14 жас аралығындағы оқушыға арналған нанның нормасы күніне 35 грамм, ал 15-18 жас аралығында-күніне 40 грамм болуы тиіс, іс жүзінде балаларға нормадан 2 есе аз, яғни, күніне 20 грамм (6-10 жас нормасымен) нан берілген.
Сонымен қатар, мектеп асханаларында тамақтандыру бойынша қызмет көрсететін 11 кәсіпкерден төлем кезінде қосылған құн салығын заңсыз алып отырған (620 теңгенің орнына 1 оқушы/күн, яғни ҚҚС есебімен 553 теңгеден төленген).
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша ШҚО білім басқармасының 7 лауазымды тұлғасы, оның ішінде, басшының орынбасары (осы бағытқа жетекшілік ететін) қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Білім басқармасы өңірдің 9 501 оқушысына тамақтану нормаларын ұлғайтып, 11 кәсіпкерге заңсыз ұсталған сомасын өтеу үшін қайта есептеу жүргізуде.