12 адамнан әлі хабар жоқ
Грузияның Рача-Лечхуми және Квемо Сванети аймақтарындағы Шови курорттық ауданында 3 тамыз күні болған топырақ көшкіннен қаза тапқандар саны 21-ге жетті, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі TRT-ға сілтеме жасап.
Таулы аймақта орналасқан Шовиде 3 тамыз күнгі топырақ көшкіннен кейін басталған іздеу-құтқару жұмысы әлі де жалғасуда.
Грузия Төтенше жағдайларды басқару қызметінің басшысы Темур Мгебришвили іздеу-құтқару жұмысының 9 бөлек жерде жүргізілгенін мәлімдеді.
Оның сөзінше, тағы 2 мәйіт табылған, 12 адамнан әлі хабар жоқ.
«Әзірге 21 адамның мәйіті табылды. 12 адамды іздестіру жұмысы үздіксіз жалғасуда», - деді Мгебришвили.
Топырақ көшкініне байланысты шамамен 30 гектарлық аумақта жүргізілген іздеу-құтқару жұмыстарына Ішкі істер және Қорғаныс министрліктерінің жасақтары, тікұшақтар мен пилотсыз әуе көліктері, арнайы үйретілген иттер мен 100-ге жуық құрылыс техникасы жұмылдырылған.