Татарстанға шабуыл жасаған дрондар Қазақстаннан ұшырылғаны рас па?

Қорғаныс министрлігі ресми хабарлама жариялады

Sarbaz.kz редакторы
03/04/2024 - 09:01

Фото: Осторожно Новости / Reuters

Фото: Осторожно Новости / Reuters

Татарстан аумағына шабуыл жасаған дрондар Қазақстан аумағынан ұшырылғаны туралы бейресми ақпараттар жарияланды. Қорғаныс министрлігі осы мәселеге ресми түрде жауап берді, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

Ведомство мәліметінше, кейбір Telegram-каналдарда Татарстан Республикасының объектілеріне шабуыл жасаған ұшқышсыз басқарылатын құрылғылардың Қазақстан аумағынан ұшырылғаны туралы таралған ақпарат шындыққа жанаспайды.

«Мұндай жалған мәлімет Қазақстан Республикасының беделін түсіруге бағытталған. Осыған байланысты азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдарына таралған қауесеттерге мән бермеуін және тек ресми ақпарат көздеріне сенуін сұраймыз», - делінген Қорғаныс министрлігі таратқан хабарламада.

Осыған дейін «Царьград ТВ», «Салам Кыргызстан» Telegram каналдары мен «Горячие Точки Z» Вконтакте каналы ұшқышсыз ұшатын техникаларды Украинадан емес Қазақстаннан ұшырылғанын жазған.

Айта кетейік, Reuters агенттігінің хабарлауынша, Татарстандағы «Татнефть» компаниясына тиесілі «Танеко» мұнай өңдеу зауытындағы АВТ-7 мұнайды бастапқы өңдеу қондырғысына ұшқышсыз ұшақ шабуыл жасаған. Бұл – Ресейдегі үшінші ірі мұнай өңдеу зауыты. Нысан Украинаның майдан шебінен шамамен 1300 км қашықтықта орналасқан.

Ал Елабугада ұшқышсыз ұшақтар Алабуга арнайы экономикалық аймағына шабуыл жасады. ОЭЗ Telegram-арнасы хабарлағандай, жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 5:45-те екі ұшқышсыз ұшақ жатақханаға соққы жасаған. Аумақта шахед типті камикадзе дрондарын шығаратын зауыт бар, онымен Ресей Украина аумағына үнемі шабуыл жасайды.

Соңғы мәліметтер бойынша, Татарстан аумағына жасалған соққы салдарынан 13 адам зардап шекті.

×

Редакция

$ 475.18  510.72  5.47